Түркістан облысындағы №1 Облыстық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, шала туған нәрестелердің клиникалық жағдайы тұрақтандырылып, олар үйіне қанағаттанарлық жағдайда шығарылды. Динара Маметова үшемді жүктіліктің 33-аптасында дүниеге әкелген. Туған кездегі салмағы 2145, 2240 және 2030 грамм болған сәбилерге Сұлтан, Омар және Осман есімдері берілді.
«Үшемдердің дүниеге келуі – біздің орталық үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Әсіресе 33 апталық мерзімде және РДС диагнозымен туған сәбилерді аман-есен алып шығу – неонатолог дәрігерлеріміз бен реанимация бөлімінің жоғары біліктілігінің дәлелі. Сәбилердің салмақ қосу динамикасы жақсы. Біз Ошақбай әулетін жаңа мүшелерімен құттықтаймыз және нәрестелердің дені сау, ғұмырлы болуын тілейміз», – деді орталық басшысы Салтанат Усадуллақызы.
Нәрестелердің алдағы физиологиялық дамуы тұрғылықты мекенжайы бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы мен учаскелік педиатрлардың тұрақты патронаждық бақылауында болады.