Астанада автотұрақта бес көлік өртенді. Полиция оқиғаның алдын ала себебін атады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Елорда Полиция департаментінің мәліметінше, алғашқы болжам бойынша көліктердің бірінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы болған. Соның салдарынан өрт шыққан.
"Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінде электр сымдары қысқа тұйықталып, өрт шыққан. Салдарынан төрт автокөлік толық жанып кетті, тағы бір көлік жартылай зақымданды", – деп хабарлады полиция.
Оқиға кезінде бір адам зардап шегіп, медициналық мекемеге жеткізілген.
Бұған дейін зардап шеккен ер адамның өртенген көліктердің екеуінің иесі екені хабарланған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, өрттің нақты себебі және келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
Тексеру қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі.