Қазақстанға жұмыс істеуге келген филиппиндік әйел түрмеден бір-ақ шықты

Бүгін, 21:29 / Жамбыл Жайлау
Абай облыстық ҚАЖД

Абай облысында ұрлық жасағаны үшін сотталған 33 жастағы Филиппин азаматы амнистиямен бостандыққа шықты. Енді ол еліне қайтарылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мәліметінше, әйел 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Ол жазасын әйелдер колониясында өтеген. Мекемеде болған кезінде тәртіп сақтап, колледжде тігіншілік мамандығын меңгерген және қазақ тілін үйренген.

Филиппиндік әйел Қазақстанға бес жыл бұрын жұмыс істеуге келгенін айтқан. Оның сөзінше, алғашқы үш жыл қалыпты өткен, алайда кейін өмірі күрт өзгеріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

"Бүгін мен үшін ерекше күн. Мен өмірімді қайта бастап жатқандаймын. Бес жыл бойы жақындарымды көрмедім, қазір ең басты арманым – тезірек үйге оралып, анам мен сіңлімді құшақтау", – деді ол.

Әйел Қазақстанға келген кезде анасына жұмыс істеп, отбасына көмектесуге уәде бергенін де жеткізді.

"Осы уақыт ішінде көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Бостандықтың, отбасының және жақындардың сенімінің қаншалықты маңызды екенін түсіндім", – деді ол.

Амнистия туралы заңға сәйкес, сотталған әйел жазасының қалған бөлігін өтеуден босатылды.

Оны колониядан шыққан кезде көші-қон қызметінің өкілдері күтіп алған. Енді олар әйелді Қазақстан аумағынан шығару рәсімін жүргізеді.

Филиппиндік әйел елге оралғаннан кейін жұмыс тауып, өмірін жаңадан бастағысы келетінін айтты.

Тэгтер:

Түрме Абай облысы Филиппин