20 жастағы франциялық Нина Гуардасьоне Қазақстанға алғашында ММА жаттығулары үшін ғана келген. Алайда бірнеше ай ішінде елге бауыр басып, қазақ тілін үйренуге кіріскен және болашақта осында қалуды жоспарлап жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Stan.kz-ке берген сұхбатында Нина Қазақстан туралы алғаш рет аралас жекпе-жек арқылы білгенін айтты.
Оның сөзінше, бұл қызығушылыққа қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов себеп болған.
"Осы спортшы туралы, оның спорттағы жолы және өзі шыққан елі туралы іздей бастадым. Себебі әркез оның туы мен октагонға шыққан кезде киетін киімі қатты ұнайтын. Осылайша, Қазақстанды, кейін Алматыны білдім", – деді ол.
Нина жекпе-жек спорттары жақсы дамыған ортада өзін сынап көру үшін Қазақстанға алғашында бір айға ғана келуді жоспарлаған.
Алайда Алматыдағы өмір, таулар мен спорттық орта оған қатты әсер еткен.
"Бастапқыда бір айға ғана келген едім. Бірақ сапарым екі айға, кейін үш айға созылды. Кейін виза мәселесіне байланысты Францияға қайтуыма тура келді. Дегенмен Қазақстанға қайта оралып, осында ұзақ уақыт тұруды мақсат еттім", – деді Нина.
Қазақстан оған екінші үйге айналған
Франциялық бойжеткеннің айтуынша, ата-анасы оның Қазақстанға көшу туралы шешімін алғаш естігенде алаңдаған.
Себебі отбасы Қазақстан туралы көп біле бермеген. Бірақ уақыт өте келе оның бұл елде өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінетінін түсінген.
"Франция әрқашан менің отбасым және тамырым болып қала береді. Бірақ Қазақстан да мен үшін екінші үйге айналды", – деді ол.
Нина Қазақстанда DAR TEAM клубында жаттыққан. Оның айтуынша, мұндағы спортшылардың тәртібі, еңбекқорлығы және бір-біріне деген құрметі ерекше әсер қалдырған.
"Орыс тілін емес, қазақ тілін таңдадым"
Қазақстанға келгенге дейін Нинаға көпшілік орыс тілін үйренуге кеңес берген. Алайда осында жүргенде достарының күнделікті қазақша сөйлесетінін көріп, қазақ тілін үйренуге шешім қабылдаған.
"Менің басты мақсатым – өз ортаммен сөйлесе алу және өмір сүріп жатқан елімнің мәдениетін жақсырақ түсіну. Мен үшін бұл өзім тұрып жатқан елге деген құрметімді көрсетудің бір жолы", – деді ол.
Нина қазақ тілін кітап арқылы да, күнделікті сөйлесу арқылы да үйреніп жүр. Ол достарының жаңа сөздер мен тіркестерді меңгеруіне көмектесетінін айтты.
Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі қазақ тілді аудиторияның пікірлері де тіл үйренуге сеп болып жатқанын жеткізді.
"Мен Қазақстанға тек бизнес жасау немесе әлеуметтік желілерде француз аудиторияма елді көрсету үшін келетін француз болғым келмейді. Мен бұл елдің мәдениетін, дәстүрлерін және тілін түсінгім келеді", – деді Нина.
Қазір ол Қазақстанды екінші үйі санайтынын айтып, елде ұзақ мерзімді жоспар құрып жүргенін жеткізді.