600 млн теңге: Астанада автосалон менеджері клиенттерді алдап кеткен

Бүгін, 17:00 / Алуа Арман
istockphoto.com

7 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Д.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыстық тергеу органы Д.-ны 10 эпизод бойынша аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін айыптаған (ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы).

2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы наурызға дейінгі кезеңде Д. автокөлікпен мәмілелер жасау саласында тәжірибесі бола тұра, өзін автосалон менеджері ретінде таныстырып, азаматтарға қатысты бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасаған.

Автокөліктерді тиімді сату немесе айырбастау, сондай-ақ көлік құралдарын кейіннен есеп айырысу арқылы сатып алу сылтауымен Д. жәбірленушілердің сеніміне кіріп, сатып алушылардың бар екені және тиімді мәмілелер жасасу мүмкіндігі туралы көрінеу жалған мәліметтер берген.

Жәбірленушілер алдауына сеніп, өздеріне тиесілі қымбат автокөліктерді мобильді банктік қосымша арқылы Д. көрсеткен адамдардың атына қайта рәсімдеген. Автокөліктерді иелену және оларға билік ету мүмкіндігін алған Д. оларды үшінші тұлғаларға сатқан, айырбастаған немесе өз қарыздарын өтеу есебіне берген.

Сонымен қатар, Д. сатып алушылардан автокөліктер үшін төлем ретінде алған ақшалай қаражатты да алдау жолымен иемденген. Бұл көлік құралдары іс жүзінде оған тиесілі болмаған немесе қылмыстық жолмен алынған.

Жасалған қылмыстардың нәтижесінде 10 жәбірленушіге жалпы сомасы 600 млн теңгеден асатын аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, банктік аударымдармен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен расталды.

Сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Қылмыстардың қауіпті қайталануы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежін, сондай-ақ жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, сот Д.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

көлік менеджер клиент автосалон