Қарағандыда туғанына 19 күн болған нәрестеге күрделі ота жасалды

Бүгін, 15:36 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қарағанды қаласының Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталығында туа біткен жүрек ақауының аса ауыр түрі бар жаңа туған нәрестеге күрделі операция сәтті жасалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кішкентай нәресте Әмірге небәрі 19 күн болған. Оған өкпе веналарының толық аномальды дренажы диагнозы қойылған – бұл өкпеден жүрекке қанның қалыпты ағымы бұзылатын ауыр патология. Сонымен қатар, балада ашық артериялық өзек және қарыншааралық перденің бұлшықетті ақауы анықталған. Бұған дейін жаңа туған нәрестеге асқазан-ішек жолының қатар жүретін патологиясына байланысты операция жасалған.

Күрделі хирургиялық араласуды жүргізу үшін Қарағанды қаласына UMC Жүрек орталығының мамандар тобы, балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий Горбуновтың жетекшілігімен келді.

Операцияның хирургиялық кезеңін Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов пен Дмитрий Горбунов бірлесіп орындады.