Ақтөбелік азамат қайын апасының 19 млн теңгесін бәске тігіп жіберген

Бүгін, 14:50 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбеде ер адам жер алып, сауда павильонын салып беруге көмектесемін деп, әйелінің әпкесінен 19 миллион теңгеден астам ақша алған. Ақшаның басым бөлігін ол құмар ойындарға жұмсаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кәсіпкер әйел күйеу баласынан бизнесі үшін жер телімін тауып беруді сұраған. Ол супермаркет маңындағы жалға алуға болатын жерді ұсынған. Кейін құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік баж және басқа да шығындарға ақша ала бастаған.

Әйел оған шамамен 7 миллион теңге берген. Алайда кейін ол жерден бас тартқан, себебі ай сайынғы жалдау ақысы 240 мың теңге болатыны анықталған. Күйеу баласы ақшаны қайтармаған. Оның орнына басқа жер таңдауды ұсынған.

Кәсіпкер әйел «Әлия» аялдамасының маңындағы жер теліміне тоқтаған. Күйеу баласы құжаттарды рәсімдеп, құрылыс материалдарын сатып алып, павильон салып беруге уәде еткен. Оған сенген әйел өз атынан іс жүргізу үшін сенімхат берген.

Осыдан кейін күйеу баласы ақша сұрауын жалғастыра берген. Ол қайын апасын құжаттардың рәсімделіп жатқанына, ал павильонның қаңқасы салынып жатқанына сендіру үшін фотосуреттер жіберген.

Жалпы берілген ақша 19 миллион теңгеден асқан кезде, әйел өзіне уәде етілген жер телімі де, павильон да болмайтынын түсінген. Алдымен ол мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Алайда ер адам ақшаны қайтармаған соң, іс сотқа жеткен.

Сотта Әділет алған ақшаның басым бөлігін құмар ойындарға жұмсағанын мойындады. Жәбірленуші оны кешірмей, келтірілген шығынды өтеуді талап етті.

Сот ер адамды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оны туысына келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Тэгтер:

Ақтөбе бәс тігу күйеу бала қайын апа