Йеменнің Аден қаласындағы халықаралық әуежай маңына хуситтер атқан екі зымыран құлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әл-Жазира» телеарнасының мәліметінше, зымырандардың бірі әуежайдың ұшу-қону жолағына жақын жерге түскен.
Йеменнің Көлік министрлігі сәрсенбі күні таңертең хуситтер күштері Аден халықаралық әуежайына екі баллистикалық зымыран және жарылғыш заттармен толтырылған бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдана отырып шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, зымырандардың бірі «Yemenia» әуе компаниясының Каирден ұшып келген №603 рейсі қонуына бірнеше минут қалғанда ұшу-қону жолағының маңына құлаған. Осыған байланысты билік ұшақты Сауд Арабиясының Жидда қаласына бағыттау туралы шешім қабылдаған.
Әуежай терминалындағы жолаушылар мен қызметкерлер эвакуацияланған. Сондай-ақ жерде тұрған екі ұшақ — біреуі «Yemenia» әуе компаниясына, екіншісі «Aden Airways» әуе компаниясына тиесілі — қауіпті аймақтан шығарылған.
Министрлік шабуыл салдарынан «бейбіт тұрғындар мен әуе кемелері экипаждарының өміріне тікелей қауіп төнгенін» айтып, оқиғаны «елеулі шиеленісу» және азаматтық авиацияға төнген қауіп деп бағалады.
Аден қауіпсіздік департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ.