Жаңалықтар

Әділет министрлігі конституциялық өзгерістер ұсынды

ашық дереккөзі

Әділет министрлігі конституциялық өзгерістер ұсынды

Әділет министрі Марат Бекетаев ҚР Мәжілісінде депутаттарды «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасымен таныстырды. Министр хабарлағандай, өзгерістер «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы», «Республикалық референдум туралы», «Үкімет туралы», «Президент туралы», «Конституциялық Кеңес туралы», «Тұңғыш Президент - Елбасы туралы», «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» 8 конституциялық заңға енгізіледі. «Президент туралы» Конституциялық заңында Президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтіріледі. Атап айтқанда, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды. Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады», - деді М. Бекетаев. Сондай-ақ, ол «Президент туралы» Конституциялық заңнан Президенттің заң күші бар жарлықтарды шығару,  заң жобасын шұғыл деп жариялау, Үкiметке заң жобасын Мәжiлiске енгiзудi тапсыру және  Үкімет актілерінің күшін жою сияқты заң шығару функциялары алып тасталынғанын да атап өтті. «Тұңғыш Президент - Елбасы туралы» Конституциялық заңында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Елбасы» ретіндегі атауы мен мәртебесіне қатысты түзетулер енгізіледі», - деп хабарлады М. Бекетаев. «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заң жаңа жиырма екі де бір (22-1) бабымен толықтырылады. Ол Үкімет мүшелері кандидатураларын Мәжіліспен келісу тәртібін анықтайды», - деді министр. «Консультациялар Мәжілістің тиісті тұрақты комитеттерінде өтетін болады. Тиісті кандидатураларды Премьер-Министр немесе ол өкілеттік берген лауазымды тұлға ұсынады. Әрбір талқыланатын кандидатура жөнінде Мәжілістің тиісті комитеті қорытынды шығаратын болады», - деп түсіндірді М. Бекетаев. Сондай-ақ, ол «Үкімет туралы» Конституциялық заңында, конституциялық түзетулерге сәйкес, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды жою бойынша өзгерістер енгізілетіні туралы айтып өтті. «Сонымен қатар, Үкіметтің Президент пен Парламент арасындағы қарым-қатынасын реттейтін нормалар бекітіледі. Үкімет Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызмет етеді және жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өкілеттігін тоқтатады», - деп қосты министр. «Сайлау туралы» Конституциялық заңына келетін болсақ, ол сайлаушылар мен сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түзетулер көзделгенін атап өтті. «Президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптар енгізіледі. Олар: мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы, міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау. Ол үшін медициналық куәландыру өтеді», - деп түсіндірді М. Бекетаев. Министрдің айтуынша, «Конституциялық Кеңес туралы» Конституциялық заңға өзгеріске сәйкес, Президенттің адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өтінішті Конституциялық Кеңеске жолдау құқығы көзделген. Конституциялық Кеңеске жүгінудің және Кеңестің шешім қабылдауының салдары анықталады. «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға Жоғарғы Соттың сот практикасын түсіндіру функциясын жүзеге асыруды нақтылауға бағытталған түзетулер енгізіледі. Сонымен қатар, судьялыққа кандидаттарға конкурстық талаптар белгіленеді. Оларды күшейту мақсатында аудандық сот судьясы кандидаттарының жасы қайта қаралған», - деп ақпараттандырды М. Бекетаев. Сондай-ақ, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізіледі. «Референдумда Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесі мәселелері қарастырылмайды», - деді министр. Заң жобасының тұсаукесеріне мүдделі мемлекеттік органдардың, парламенттік емес саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысты. Заң жобасын одан әрі қарау Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров басқаратын жұмыс тобы аясында жалғасатын болады.