Қызылордада «Ұстаз айтса» республикалық диалог алаңы аясында ардагер және үздік педагогтер бас қосып, білім беру жүйесінің бүгінгі ахуалы мен оны одан әрі жетілдіру жолдарын талқылады. «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырған кездесудің басты ерекшелігі – педагогтердің пікірін тыңдап қана қоймай, білім саласына қатысты нақты ұсыныстарын жинақтау, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ұлағатты ұстаз – ел тірегі» тақырыбындағы кездесуде білім сапасы, педагог мәртебесі, мұғалімнің кәсіби дамуы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді пайдалану мәселелері қозғалды.
Кездесуде сөз алған Сырдария ауданы білім саласының ардагері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, мектеп директоры және білім бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған Баян Сүюбаева білім саласында қалыптасқан тәжірибенің маңызына тоқталып, ұстаз еңбегін бағалау мен білім сапасын арттыруға қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.
Ал жас буынның атынан Қызылорда қаласындағы №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Ермек Жақсыбаев қазіргі педагогке қойылатын жаңа талаптар жөнінде пікір білдірді. Жас маман цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Өңірде кейінгі жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңартуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Атап айтсақ, соңғы төрт жылда салаға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 миллиард теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынды. Сонымен қатар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілді.
Бұл – саланың материалдық мүмкіндігін кеңейткен ауқымды жұмыстар. Алайда жаңа ғимарат пен заманауи құралдың тиімділігі оны кәсіби тұрғыда пайдалана алатын білікті маманға тікелей байланысты.
Жиында сөз алған «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай да осы мәселеге ерекше назар аударды. Оның айтуынша, уақыт өзгерген сайын ұстазға қойылатын талап та жаңарып келеді. Бүгінде педагог өз пәнін жетік білумен қатар, цифрлық құралдарды меңгеріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек. Бұл бағытта Сыр ұстаздарының да ізденісі жоғары. Партия қолдауымен «Daryn.ai» платформасында ұйымдастырылған жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курсын Қызылорда облысынан 20 020 педагог аяқтаған. Оның ішінде 23 педагог Астана қаласында өткен педагогикалық хакатонға қатысып, тәжірибесін жаңа форматта сынауға мүмкіндік алды.
Сонымен бірге «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы аясындағы «USTAZGA AI» курсы және «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» бағдарламасы педагогтердің жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу бойынша білімін жетілдіруге бағытталды. Осы бағыттар бойынша өңірдің мыңдаған педагогі біліктілігін арттырды.
Жасанды интеллектінің білім саласына енуі мұғалімнің рөлін төмендетпейді. Керісінше, технологияны дұрыс қолдану педагогтің уақытын үнемдеп, сабақ мазмұнын жетілдіруге және оқушының жеке қабілетіне қарай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі мұғалім үшін басты міндеттердің бірі – технологияны меңгеру ғана емес, оны білім сапасын арттыруға бағыттай білу.
Диалог алаңының мәні де осында. Ардагер ұстаздардың жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен жас педагогтердің жаңа көзқарасы бір алаңда тоғысып, білім беру жүйесіндегі сабақтастықты көрсетті.
Ардагер ұстаз үшін басты құндылық – шәкірт тәрбиесі мен кәсіби дәстүр болса, қазіргі педагог үшін осы құндылықтарды жаңа технологиялармен ұштастыру маңызды. Екі буынның тәжірибесі мен көзқарасын сабақтастыру білім саласындағы өзгерістердің адами мазмұнын сақтауға мүмкіндік береді.
«Білім мен ғылым – адами капиталдың ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі. Осы орайда «Әділет» партиясы педагогтердің пікірін тыңдап қана қоймай, олардың кәсіби құқықтары мен еңбек жағдайын қорғауға, білім сапасын арттыруға бағытталған Президент бастамаларын іске асыруға атсалысатын болады», – деді Жандос Базартай.
Іс-шараның қорытындысында білім беру саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметіндегі еңбегі үшін педагогтер «Әділет» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мерекеге орай партия белсендісі, облыстық мәслихат депутаты Нұрболат Ибраевтың демеушілігімен ұстаздар қауымына бағалы сыйлықтар мен тәттілер толтырылған корзиналар табысталды.