Көкшетау қалалық сотында ақпараттық жүйелерді және Интернет желісін пайдаланушыларды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін азаматша Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметінше, 2024 жылдан бастап Көкшетау қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Б. азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу үшін құжаттарды рәсімдеу бойынша қызмет көрсетумен айналысқан.
Б. әлеуметтік желіде өзін блогер ретінде таныстырып, көрсететін қызметтері туралы ақпарат орналастырған. Азаматтарды адастыра отырып, шетелде жұмысқа орналастыру туралы шарттар жасасқан, виза мен медициналық сақтандыруды рәсімдеуге уәде берген, Англияға ұшу уақытын талқылаған және көрсетілетін қызметтері үшін ақшалай қаражат алған.
Құжаттарды жалған рәсімдеп, қызмет үшін әрбір жүгінген азаматтан 250 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алған.
Ақшаны алғаннан кейін өзіне алған міндеттемелерін орындамаған және жауапкершіліктен жалтарған (кездесулерден қашқан, телефон қоңырауларына жауап бермеген). Б.-ның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының 92 азаматына тиесілі жалпы сомасы шамамен 70 млн. теңге ақшалай қаражат иемденілген.
Жаза тағайындауда сот Б.-ның кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай деп ескерді.
Сот үкімімен Б.-ға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру тағайындалды, сондай-ақ азаматтардың ақшалай қаражатын коммерциялық және өзге де қызметке тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айырылды.
ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде сотталған Б.-ға асырауында екі кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды.
28 жәбірленушінің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылып, жәбірленушілердің пайдасына әрқайсысына 200 мың теңгеден бастап 1 млн. астам теңгеге дейін сомада келтірілген материалдық залал өндірілді.