Семей тұрғыны үйдің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасы мен домофонды сындырып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтады. Ол 48 жастағы жергілікті тұрғын Саят Байбусинов болып шықты. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткі заттарын қолданғаны расталды.
Ер адам мүлікті қасақана бүлдіргені, ұсақ бұзақылық жасағаны және есірткі заттарын медициналық емес мақсатта пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Домофондар мен бейнебақылау камералары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ортақ мүлікті бүлдіру арқылы құқық бұзушы бүкіл үй тұрғындарының мүддесіне нұқсан келтіреді және бұл әрекеті үшін жауапкершілікке тартылады.