Әнші Димаш Құдайберген өнердегі інісі Садраддиннің Алматыдағы жеке концертін жоғары бағалап, оның анасы Айгүл Есқараға ақжарма тілегін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Балаңыздың аяқ алысы құтты болсын. Концерттің үзінділерін көрдім. Керемет өтіпті. Бәріміз қуанып жатырмыз. Ініміздің алар белесі, жеңістері көп болсын. Балаңыздың жетістігін көріп қуанып, нұрланып тұрған жүзіңізді көріп, мен де өзімнің анам қуанып тұрғандай әдемі күй кештім. Ұзағынан сүйіндірсін. Өзімнің дайындықтарыммен шетелде жүргендіктен, қолым босамады. Елде болғанда міндетті түрде қолдар едім. Садраддиннің, Алла қаласа, халықаралық деңгейге шығып, әлем бойынша бір стадионды жинап, концерт беретін күні болсын», – деді Димаш Құдайберген.
Садраддиннің анасы Димаш Құдайбергеннің ұлына айтқан ақ тілегіне ризашылығын білдіріп, өнердегі әріптестердің бір-біріне демеу болуы маңызды екенін жеткізді.
«Әлем төбесіне көтеріп, мақтаныш тұтып жүрген Ақ Димаштың ақ тілегін қалай алмайын деп…?! Қалай мақтаныш тұтпайын?!
Өссе, қазағымыз өссін! Аяқтан шалу – болмағырдың ғана ісі. «Біріңді батыр, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген.
Әлем жұлдызымын деп жүрген жоқ. Әрбір қуанышта, концертте бірінші болып, Садрға үнемі бар жылуын, мейірімін төгіп тұрады. Алла саған мейірімін, махаббатын төге берсін, алтыным. Аман жүр, жүз жаса!» – деді Садраддиннің анасы Айгүл Есқара.
Еске сала кетейік, жас әнші Садраддин Алматыдағы стадионда 70 мың тыңдарманын жинап, жеке концертін берген болатын.