Қазақстан мен Қырғызстан 11,8 миллион долларды құрайтын келісімшартқа қол қойды
Қазақстан мен Қырғызстан 11,8 миллион долларды құрайтын келісімшартқа қол қойды
Қазақстанның Қырғызстанға сауда миссиясының қорытындылары бойынша 11,8 млн долларды құрайтын келісімшарттарға қол қойылды, деп хабарлады KAZAKH INVEST.
Бішкекте «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы және Қырғыз Республикасының Сауда-өнеркәсіптік палатасы ұйымдастырған қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясы өтті. Іс-шара қорытындылары бойынша 11,8 млн доллар сомасына өнім жеткізуге экспорттық келісімшарттар жасалды.
Іс-шараға химиялық өнім, құрылыс материалдары, тамақ өнімдері, машина жасау, қаптама, фармацевтика өнімдері саласындағы қазақстандық 30 өндіруші және қазақстандық тауарларды сатып алуға мүдделі 120-дан астам қырғыз компаниясы қатысты.
Бұдан бөлек, KAZAKH INVEST хабарлағандай, сапар аясында 8 қазақстандық компанияның Қырғызстан бойынша 54 супермаркет кіретін ең ірі сауда желісі «Халықтық» желісінің басшылығымен кездесуі өтті. Қазақстандық өндірушілер осы желіге тамақ өнімдерін жеткізу туралы келісті.
Қырғыз тарабы қазақстандық өнімді жеткізуге мүдделі. Атап айтқанда, кездесу қорытындылары бойынша ас тұзын, ет өнімдерін, ұн, макарон, консерв сатып алуға келісімшарттар жасалды, био-пакеттер бойынша жұмыс жасау мүмкіндігі қаралуда.
Сондай-ақ, өткен форум аясында қазақстандық өндіруші «ШевронМұнайГаз» және «ГазПромҚырғызстан» ААҚ арасында газ құбыры үшін полиэтилен құбырлары мен құбыр арматурасын жеткізуге арналған келісімшартқа қол қойылды.