Алматы облысында Chevrolet Cobalt көлігі екі оқушыны қағып, жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол жиегінде, дүкеннің жанында 12 және 13 жастағы екі бала малдас құрып отырған. Жолмен келе жатқан Chevrolet Cobalt көлігі екеуін де қағып, тоқтамастан балаларды басып кеткен. Осыдан кейін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған.
Зардап шеккен жасөспірімдер ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы ауыр.
Полиция жол-көлік оқиғасына кінәлі болуы мүмкін жүргізушіні ұстады. Ол 65 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
«Үйден шыққанымда, бұл жерде дәрігерлер мен полицейлер жүр екен. Балаларды көрмедім. Олар жедел жәрдем көлігінде болыпты. Айтуларынша, жүргізуші оларды басып кеткен», — деді оқиға куәгері.