Оралда жүргізуші куәлігінен айырылған азамат есірткі шегіп, көлік тізгіндеген

Бүгін, 10:04 / Алуа Арман
istockphoto.com

Оралда көлік басқару құқығынан айырылған тұрғын есірткіге масаң күйде қайта көлік тізгіндеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға түнгі сағат 02:45 шамасында Орал қаласының көшелерінің бірінде болған. Полиция қызметкерлері Lada Largus автокөлігін тоқтатқан. Көлікті Оралдың 30 жастағы тұрғыны басқарған.

Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің есірткіге масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар аталған азаматтың бұған дейін 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Аталған бап бойынша 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 1 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлікті алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқармауға шақырады. Масаң күйде көлік жүргізу жүргізушінің жолдағы жағдайды дұрыс бағалау қабілетін төмендетіп, жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Мұндай әрекет жүргізушінің өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді.

Тэгтер:

Есірткі Орал Мас көлік жүргізуші