Адам өмірінің алғашқы 1000 күнінде қанттың шектелуі ондаған жылдан кейінгі психикалық денсаулықпен байланысты болуы мүмкін. Ұлыбританиядағы соғыстан кейінгі қант нормасын шектеу кезеңін зерттеген ғалымдар осы уақытта қантты аз тұтынған адамдардың ересек шақта мазасыздық пен депрессия диагнозын алу қаупі төмен болғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу Translational Psychiatry ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдар жүктілік кезеңінен бастап баланың екі жасқа толғанына дейінгі уақытты қамтитын алғашқы 1000 күнге ерекше назар аударған. Бұл кезеңде ми мен ағза өте жылдам дамитындықтан, осы уақыттағы тамақтану адамның кейінгі денсаулығына әсер етуі мүмкін деген ғылыми болжам бар.
Зерттеу авторлары бұл сұраққа жауап іздеу үшін Ұлыбританиядағы тарихи жағдайды пайдаланған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елде азық-түлік тапшылығына байланысты қатаң нормалау жүйесі енгізіліп, оның ішінде қантты тұтынуға да шектеу қойылған. Бұл шектеу 1953 жылдың қыркүйегінде кенеттен тоқтатылды.
Осы жағдай ғалымдарға өзіндік «табиғи эксперимент» жүргізуге мүмкіндік берді. Яғни қант нормасы жойылғанға дейін дүниеге келген адамдардың бір бөлігі құрсақтағы кезінен бастап өмірінің алғашқы жылдарында шектеулі мөлшерде қант тұтынған, ал кейін туғандар мұндай шектеуге ұшырамаған.
Зерттеуге Ұлыбританияның UK Biobank базасындағы 46 448 адам қатысты. Олардың барлығы 1951 жылдың қазаны мен 1956 жылдың наурызы аралығында туған. Зерттеушілер әр адамның өмірінің алғашқы 1000 күнінің қанша бөлігі қантты нормалау кезеңіне сәйкес келгенін есептеп, қатысушыларды бірнеше топқа бөлген.
Ең ұзақ уақыт шектеуде болған адамдар қант нормасына жүктілік кезінде-ақ ұшырап, екі жасқа дейін осы жағдайда өмір сүрген. Ал салыстыру үшін азық-түлік нормалары толық жойылғаннан кейін дүниеге келген адамдар алынған.
Ғалымдар қатысушылардың кейінгі медициналық деректерін қарап, мазасыздық пен депрессия диагноздарының қойылуын бақылаған. Орташа бақылау кезеңі 15,7 жылға жуық болған.
Нәтижесінде өмірінің алғашқы 1000 күнінде қант шектеуіне ең ұзақ уақыт ұшыраған адамдардың ересек шақта мазасыздық диагнозын алу қаупі 33 пайызға төмен болған.
Нақты көрсеткіштерде ұзақ уақыт шектеуде болған топтың 5,79 пайызына бақылау кезеңінде мазасыздық диагнозы қойылған. Қант нормалауынан кейін дүниеге келген салыстыру тобында бұл көрсеткіш 6,28 пайыз болған.
Депрессия бойынша да ұқсас нәтиже байқалған. Ең ұзақ уақыт қант шектеуіне ұшыраған адамдардың бұл диагнозды алу қаупі 29 пайызға төмен болған. Бұл топта депрессия диагнозы 6,69 пайыз адамға қойылса, шектеуге ұшырамаған топта көрсеткіш 7,23 пайызды құраған.
Алайда қантты шектеу барлық жағдайда бірдей нәтиже бермеген. Зерттеушілердің мәліметінше, жүктілік кезінде ғана немесе бала өмірінің алғашқы алты айында шектеуге ұшыраған адамдарда кейінгі мазасыздық пен депрессия қаупі салыстыру тобынан айтарлықтай ерекшеленбеген. Ал ұзақ уақыт шектеуде болған топтарда айырмашылық анық байқалған.
Зерттеушілер нәтижелердің ерлер мен әйелдерде жалпы бір бағытта болғанын, бірақ байланыс әйелдер арасында күштірек көрінгенін атап өтті.
Ғалымдар өз қорытындыларының кездейсоқ нәтиже емес екенін тексеру үшін ерте жастағы қант тұтынуымен тікелей байланысты болуы күтілмейтін бірінші типті диабет пен посттравмалық стресс бұзылысын да қарастырған. Бұл екі жағдай бойынша айтарлықтай байланыс анықталмаған.
Қызығы, ерте жаста қант шектеуін көрген адамдар ересек болғанда тәтті тағамдарды сәл азырақ ұнататынын айтқан. Ең ұзақ шектеуде болған топтың тәттіге деген талғамы 9 балдық шкала бойынша орта есеппен 5,82 балл болса, қант шектеуіне ұшырамаған топта бұл көрсеткіш 6,04 балл болған.
Ал ересек шақтағы нақты қант тұтыну мөлшерін есепке алғанда, мазасыздықпен байланысты нәтиже сақталған. Депрессия бойынша айырмашылық болса, статистикалық мәнін жоғалтқан. Бұл ересек адамның қазіргі тамақтануы депрессия қаупіне белгілі бір деңгейде ықпал етуі мүмкін деген болжамға негіз береді.
Зерттеушілер сонымен қатар 5 990 адамның ми сканерлерін талдаған. Ерте жаста қант шектеуіне ұшыраған адамдардың миындағы сұр зат көлемінің кейбір айырмашылықтары анықталған. Өзгерістер 139 ми аймағының 80-інде байқалғанымен, олардың басым бөлігі барлық шектеу топтары мен шектеуге мүлде ұшырамаған адамдарды салыстырғанда сақталмаған. Нақтырақ айырмашылықтар ми бағаны мен мишық сияқты аймақтарда байқалған.
Дегенмен ғалымдар бұл ми ерекшеліктері ерте жастағы қант шектеуі мен кейінгі мазасыздық арасындағы байланысты түсіндіретін механизм екенін дәлелдей алмаған.
Зерттеу авторлары ең маңызды мәселенің бірі – бұл жұмыстың себеп-салдарлық байланысты дәлелдемейтінінатап көрсетеді. Яғни «бала кезінде қантты аз тұтыну адамды болашақта мазасыздықтан қорғайды» деген нақты қорытынды жасауға болмайды.
Себебі 1950-жылдардағы қант нормасы тек бір өнімге қатысты өзгеріс болған жоқ. Сол кезеңдегі адамдардың жалпы тамақтануы, тұрмыс жағдайы, денсаулық сақтау жүйесі, аналардың жүктілік кезіндегі күйзелісі және басқа да әлеуметтік факторлар қазіргі уақыттан өзгеше болды. Олардың барлығы кейінгі психикалық денсаулыққа ықпал етуі мүмкін.
Бұған қоса, зерттеуде мазасыздық пен депрессия медициналық құжаттардағы ресми диагноздар арқылы анықталған. Сондықтан адамдардың жас кезінде болған, бірақ дәрігерге қаралмаған немесе диагноз қойылмаған психикалық қиындықтары есепке алынбауы мүмкін.
Сондықтан ғалымдар зерттеу нәтижесін қантты бала кезінен барынша азайтуға шақыратын нұсқаулық ретінде қарастырмайды. Жұмыс тек өмірдің алғашқы 1000 күніндегі тамақтану жағдайы мен адамның ондаған жылдан кейінгі психикалық денсаулығы арасында байланыс болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеушілер енді бұл байланыстың нақты механизмдерін анықтауды жоспарлап отыр. Болашақ жұмыстарда генетикалық ерекшеліктердің, қабыну процестерінің және ағзадағы биомаркерлердің ерте жастағы тамақтанумен және кейінгі психикалық денсаулықпен байланысы зерттелуі мүмкін.