Көкшетауда жүріп келе жатқан көліктен бала құлап кетті

5 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
shutterstock.com

Көкшетауда мектеп маңында келе жатқан көліктен бала құлап түскен. Оқиға 5 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Subaru Forester жүргізушісі баланы түсіру үшін көлікті белгіленбеген жерге тоқтатуға әрекеттенген.

Алайда көлік толық тоқтап үлгермей жатып, бала есікті ашып, жолға құлап кеткен.

Тексеру барысында көлікте баланы тасымалдауға арналған арнайы ұстап тұратын құрылғы немесе қауіпсіздік белдігіне арналған адаптер болмағаны да анықталды.

"Оқиға бойынша жүргізуші жолаушыларды тасымалдау талаптарын және көлікті тоқтату ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, балаларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді", – деп хабарлады полиция.

Полиция мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану ережелерін бұзуға қатысты 27 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.

Тэгтер:

Көкшетау