Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш Криштиану Роналдудың ұлттық құрамаға қайта оралуына мүмкіндік бар екенін айтты., деп хабарлайды turkystan.kz.
Бапкердің сөзінше, бұл мәселе бойынша соңғы шешімді 41 жастағы футболшының өзі қабылдайды.
"Криш өз өміріне қатысты шешімді өзі қабылдауы керек. Бұл маған байланысты емес. Арамызда түсініспеушілік болды. Меніңше, оны шешу оңай", – деді Жезуш.
Роналду құрамадан неге кетіп қалды?
Қыркүйектің соңында Криштиану Роналду Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынын күтпеген жерден тастап кеткен еді.
Оған дейін Норвегияға қарсы матчта Роналду алаңға шықпай, бүкіл ойынды қосалқы құрамда өткізді. Кейін Жорже Жезуш Даниямен кездесуде де футболшы негізгі құрамда болмайтынын айтқан. Осыдан соң Роналду ұлттық құраманың лагерінен кету туралы шешім қабылдады.
Футболшы әлеуметтік желідегі жазбасында Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнсамен сөйлескеннен кейін осындай қадамға барғанын айтып, жағдайдың мән-жайын кейін түсіндіретінін жеткізді.
Осы оқиғадан соң Роналдудың ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін деген болжамдар тараған.
Алайда Жорже Жезуш қазір бұл жағдайды "түсініспеушілік" деп атап, футболшы құрамаға қайта оралғысы келсе, есік ашық екенін мәлімдеді.
Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнса да Роналдудың ұлттық құрама үшін маңызды ойыншы екенін айтып, қалыптасқан жағдайды түсініспеушілік деп бағалаған.
Криштиану Роналду Португалия құрамасы тарихындағы ең көп матч өткізген және ең көп гол соққан футболшы. Оның еншісінде 234 ойын және 146 гол бар.