Рудный қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-бабы 2-бөлігі бойынша А. азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот анықтағандай, Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы жүргізген тексеру барысында Рудный қаласында орналасқан «И» дүкенінен сәйкестендіру құралдары мен есепке алу-бақылау маркалары жоқ жалпы құны 421 000 теңге болатын 990 қорап темекі өнімдерін сақтау фактісі анықталған.
Сот отырысында А. әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын толық мойындап, қатаң жаза қолданбауды сұраған.
Сот іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, кәсіпкердің кінәсі дәлелденді деп таныды. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындауды жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Сот қаулысымен А. әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 454 125 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың заты – 990 қорап темекі өнімдері тәркіленіп, кейіннен жойылатын болды.