Атыраудағы тұрғын үйде лифт құлап, 4 адам зардап шекті

Бүгін, 17:40 / Інжу Әлихан
Атырау қаласы әкімдігі

5 қазанда Атыраудағы Құлманов көшесі, 1Б мекенжайында орналасқан «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің «Б» блогында лифттің құлап кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, лифт ішінде 4 адам болған. Үш тұрғын жедел жәрдем бригадасымен медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Бір тұрғын медициналық көмектен бас тартқан.

Қала әкімі Данияр Таханов оқиға орнына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп, тұрғындармен және жауапты қызмет өкілдерімен сөйлесті. Оқиғаның мән-жайын тікелей бақылауына алды.

Қала әкімі жауапты қызметтерге лифттің авариялық төмен түсуіне себеп болған жағдайды шұғыл анықтауды, сондай-ақ қаладағы барлық лифттердің техникалық жағдайына толық тексеру жүргізіп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды тапсырды.

Мәселе қала әкімінің тікелей қадағалауында.