Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Иранның үш азаматы сотталды

Бүгін, 12:36 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

24 шілдеде Иран Ислам Республикасының үш азаматы балық аулау кезінде Каспий теңізі арқылы Қазақстан Республикасы шекарасын заңсыз кесіп өткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, аталған азаматтар Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметкерлерімен ұсталған.

ҚР Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-1-бөлігімен, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қарақия аудандық сотының үкімімен Иран Ислам Республикасының үш азаматы кінәлі деп танылып, оларға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жібере отырып, бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ.

Мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде заңсыз кесіп өту заңнамада белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.