Ұлытау облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 388 келіден астам есірткі тәркіленді. Бұл туралы Ұлытау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайырбеков мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, өңірде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жедел және профилактикалық бағытта қатар жүргізілуде. Жыл басынан бері есірткі бизнесіне қатысы бар үш топтың заңсыз қызметі тоқтатылды.
Сонымен қатар интернет кеңістігіндегі есірткі саудасына қарсы жұмыстар күшейтілген. “Кибернадзор” жүйесі арқылы есірткі таратуға және насихаттауға қатысты 2 631 интернет-ресурс бұғатталды.
Өңірде есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері жастар арасында 908 іс-шара ұйымдастырылып, 45 мыңнан астам адам қамтылды. Кездесулер барысында жастарға есірткінің адам денсаулығына тигізетін зияны, заңсыз айналымға қатысудың құқықтық салдары және интернет арқылы есірткі таратуға тартылудың қаупі түсіндіріледі.
Полиция есірткі қылмыстарының алдын алу, заңсыз айналым арналарының жолын кесу және интернет кеңістігіндегі есірткі саудасына қарсы жұмыстарды жалғастыруда.