Сатып алушы етік бермей қойған сатушыдан моральдық шығын өндіріп алды

Бүгін, 10:31 / Алуа Арман
istockphoto.com

2026 жылғы 24 шілдеде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты сатып алушы Р-дың жеке кәсіпкер К-ға қатысты әрекеттерді заңсыз деп тану және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық ісін қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биылғы наурыз айында талап қоюшы жауапкердің сауда орнынан әйелдер аяқ киімінің үш жұбын сатып алып, ақысын банк картасы арқылы төлеуге ниет білдірген. Алайда сатушы қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тартып, тауарды сатпаған және талап қоюшыдан сауда орнынан кетуді талап еткен.

Тауарды сатудан бас тарту фактісі бейнежазбамен, тараптардың түсініктемелерімен және сатушының айғақтарымен расталды.

Сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 387-бабы 3-тармағына сәйкес, тиісті тауарды ұсыну мүмкіндігі болған жағдайда жария шартты жасасудан бас тартуға жол берілмейтінін атап өтті. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24 және 28-баптарына сәйкес сатушы тауарды көрсетілген бағамен сатуға және тұтынушыға тауарды еркін таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

Сонымен қатар, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңның 25-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да жүзеге асырылуы мүмкін. Осыған байланысты тұтынушының қолма-қол ақшасыз төлем нысанын таңдауына байланысты тауарды сатудан бас тарту негізсіз деп танылды.

Осыған байланысты жеке кәсіпкердің әрекеттері заңсыз деп танылды. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өтеу және сот шығындары өндірілді.

Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Сот Тауар сатушы моральдық шығын сатып алушы етік