Талдықорғанда ер адам баласы жылағаны үшін әйелін ұрып-соққан

Бүгін, 12:45 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Талдықорғанда ер адам бір жасар баласының жылағанына ашуланып, өз әйелін ұрып, көршілеріне қоқан-лоқы көрсеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жәбірленушінің туысының айтуынша, әйелдің күйеуі бұған дейін де оны бірнеше рет ұрып-соғып, қорқытып келген.

Ер адам қаржылық мүмкіндігі мен таныстары арқылы жауапкершіліктен құтылып кететінін айтып, әйелін қорқынышта ұстаған.

2 қазанға қараған түні ер адам бір жасар баласының ұйықтамауына байланысты жанжал шығарған.

Айтылған мәлімет бойынша, жанжал кезінде әйелін таңғы сағат 4-ке дейін ұрып-соққан. Көмекке барған көршілерге де суық қарумен тап бергені айтылған.

Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйел сол күні полицияға жүгініп, күйеуінің өзіне дене жарақатын салғанын және қорқытқанын айтқан.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, ер адам ұсталды. Одан пневматикалық қару тәркіленді.

Дене жарақатын келтіру және қорқыту деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

"Бұған дейін жәбірленушіден ешқандай шағым түспеген. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп мәлімдеді полиция.

Дәрігерлердің тексеруінен кейін әйел баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылып, оларға қажетті көмек көрсетілді.