Ақтауда балалар ауруханасының хирургі ұсталды

Бүгін, 18:52 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Ақтауда кәмелетке толмаған науқастың қайтыс болуына байланысты облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталды, деп жазды turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының полиция департаментінің мәліметінше, дәрігер кәсіби міндеттерін дұрыс орындамады деген күдікке ілінген.

Тергеу барысында облыстық балалар ауруханасында балаға медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастырушылық-тактикалық және емдеу-диагностикалық сипаттағы кемшіліктерге жол берілгені анықталған. Кәмелетке толмаған баланың жағдайы нашарлағаннан кейін ол санитариялық авиациямен Алматыдағы медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда кейін бала көз жұмған.

Қылмыстық іс аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, медицина қызметкерлерінен жауап алынған. Сондай-ақ комиссиялық сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.

"Комиссиялық сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде асқынулардың дамуына ықпал етуі мүмкін кемшіліктер анықталған", – деп хабарлады полиция.

2026 жылғы 1 қазанда облыстық балалар ауруханасының хирургі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, биыл сәуір айында Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова дәрігерлердің қателігіне байланысты 13 жастағы ұлының ауыр халде қалғанын, кейін көз жұмғанын мәлімдеген еді. Әйел оқиғаға қатысы бар деп санаған адамдарды жауапқа тартуды талап еткен.

Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін ауқымды тексеру жүргізуді бастады. Тексеру барысында Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Осы факті бойынша облыс прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.

Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтау қаласының №2 қалалық емханасына қатысты экономикалық санкциялар қолданды.