"Орнымнан тұрмасам, жолаушылар қаза табатынын түсіндім": Flydubai ұшқышы оқиғаны баяндады

Бүгін, 20:08 / Жамбыл Жайлау
x.com/narendramodi

Flydubai рейсінде ауыр жараланған үндістандық ұшқыш Смит Маччхар алғаш рет әуе кемесінде болған төтенше жағдайды егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазір ол Абу-Дабидегі ауруханада ем қабылдап жатыр. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди жараланған капитанмен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, оның әрекетіне жоғары баға берген.

Маччхардың айтуынша, шабуылдан кейін бірнеше жерінен жараланып, қайта-қайта құлаған. Соған қарамастан ол салонда отырған адамдардың өмірін сақтау үшін әрекет ету керектігін түсінген.

"Денемде көптеген жара болды. Құлап жаттым. Өз өмірім үшін күрестім. Бір сәтте орнымнан тұрмасам, жолаушылар қаза табатынын түсіндім", – деді ұшқыш.

Оқиға Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai рейсінде болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, екінші ұшқыш капитанға шабуыл жасап, пышақ жарақатын салған. Осыдан кейін Boeing 737 ұшағы күрт төмендей бастаған.

Ауыр жарақатына қарамастан, Маччхар пилоттар кабинасының есігін ашып үлгерген. Бұл экипаж мүшелері мен жолаушыларға кабинаға кіріп, шабуыл жасаған екінші ұшқышты тоқтатуға мүмкіндік берді.

Reuters мәліметінше, оқиға кезінде ұшақ 30 секундқа жетпейтін уақытта шамамен 14 мың фут биіктікті жоғалтқан. Бортта 174 адам болған. Кейін ұшақтағы тағы екі Flydubai ұшқышы басқаруды өз қолына алып, әуе кемесін Сауд Арабиясының Табук қаласына қауіпсіз қондырған.

Моди капитанның батылдығы мен жылдам шешім қабылдауы жолаушыларды құтқаруға көмектескенін атап өтті.

Ал Маччхар қиын сәтте индуистік Хануман құдайына арналған "Хануман Чалиса" дұғасын оқығанын айтты.

"Хануман маған батылдық берді", – деді ол.

Қазір оқиғаның нақты себептері бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бірқатар тарап бұл әрекетті әуе кемесін әдейі апатқа ұшырату әрекеті болуы мүмкін деп қарастырып отыр. Алайда тергеу әлі аяқталмағандықтан, шабуылдың түпкілікті мотиві ресми түрде толық анықталған жоқ.

Тэгтер:

Ұшақ Дубай ұшқыш