Digital Qazaqstan 2029 жылға дейін қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертеді?

Бүгін, 14:06 / Алуа Арман
gov.kz

Астанада 2 қазанда AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті трансформациялауға дейін» панельдік сессиясы өтті. Мемлекеттік органдардың, бизнестің және халықаралық консалтингтің өкілдері жасанды интеллектті енгізуді, цифрлық сервистерді дамытуды, сондай-ақ өзгерістердің нәтижесін бағалау көрсеткіштерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Digital Qazaqstan 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу стратегиясы болып табылады. Стратегия мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мерзімін кемінде 50%-ға қысқартуды, IT қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын екі есе арттыруды, адал бизнеске жүргізілетін тексерулер санын екі есе азайтуды және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың кемінде 60%-ында цифрлық егіздерді енгізуді көздейді.

Сессияның модераторы Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Алия Оспанова болды. Талқылаудың өзегінде практикалық мәселелер тұрды: азаматтар мен бизнес қандай өзгерісті сезінуі тиіс, ведомстволардың өзара іс-қимылын қалай қамтамасыз етуге болады және стратегия мақсаттарына жету үшін қандай жағдайлар қажет.

«Цифрлық трансформацияның нәтижесі енгізілген технологиялардың санымен емес, олардың адамға, мемлекетке және экономикаға берген пайдасымен өлшенуі тиіс. Digital Qazaqstan стратегиясын одан әрі іске асыру дәл осы қағидатқа сүйенуі керек», - деп атап өтті Әлия Оспанова.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының орынбасары Арай Уразова стратегияның құрылымын таныстырды: үш блоктағы 20 бастама. Азаматтар үшін өмірлік жағдай туындаған кезде жеке өтініш беруді қажет етпейтін қызметтерді дамыту, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды неғұрлым нысаналы ету көзделген. Бизнес үшін жасанды интеллектті өндірістік процестерге енгізу және салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі қарастырылған. Мемлекет үшін бірыңғай деректер архитектурасы, ведомствоаралық қағазсыз өзара іс-қимыл және ақпаратты қорғау көзделген.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов медицинаны цифрландыру бағыттарын таныстырды: пациенттің бірыңғай цифрлық медициналық профилі, медициналық құжаттарға қолжетімділік беретін және профилактика туралы хабарлайтын дербес сервистер, жасанды интеллектті енгізу және телемедицинаны дамыту, оның ішінде мектеп медицинасында және шалғай өңірлерде.

2028 жылға қарай бірыңғай цифрлық контурға медициналық ұйымдардың кемінде 95%-ын біріктіру жоспарлануда, ал жасанды интеллект қолданылатын клиникалық шешімдердің үлесі кемінде 80%-ға жетуі тиіс. Бұл медициналық көмектің сапасын арттыруға, дәрігерлердің жүктемесін азайтуға және денсаулық сақтау ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов экономика мен бизнес мүддесі үшін цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу туралы баяндама жасады. Стратегия «көзге көрінбейтін» салықтық әкімшілендіруге және «салық сервис ретінде» моделіне көшуді көздейді. Бұл модельде адал бизнестің әкімшілік жүктемесі азаяды, ал салықтық рәсімдер автоматтандырылады.

Boston Consulting Group басқарушы директоры әрі серіктесі Михаил Волков цифрлық трансформацияның халықаралық тәжірибесін таныстырды: негізгі салаларда өнімділіктің өсуін қамтамасыз ететін технологияларды енгізу тәсілдерін және әлемдік практиканы Қазақстанның міндеттеріне бейімдеу мүмкіндіктерін атады.

«Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев банк секторын цифрландыру және онда жасанды интеллектті қолдану туралы әңгімеледі. Ол талқылауды қаржы секторының практикалық тәжірибесімен және бизнестің мемлекеттік платформалармен өзара іс-қимылы жөніндегі мысалдармен толықтырды.

Қорытындыда сессия қатысушылары цифрлық жобалардың практикалық құндылығы қызметтердің ыңғайлылығынан, уақыт пен ресурс шығынының қысқаруынан, өнімділіктің өсуінен және қабылданатын шешімдердің сапасынан көрінуі тиіс екенін атап өтті.

Форум туралы анықтама

AI & Digital Bridge 2026 форумын Astana Hub халықаралық инновациялық кластері Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және Астана әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырады.

AI & Digital Bridge 2026 форумының өтуі серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында мүмкін болды. Форумды өткізуге кететін барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылады.

Тэгтер:

форум