Жасанды интеллект индустриясы 2031 жылға қарай жыл сайын шамамен $6 трлн табыс әкелуі керек. Әйтпесе дата-орталықтар, чиптер, жад жүйелері мен басқа инфрақұрылымға салынып жатқан орасан инвестицияның экономикалық қайтарымы жеткіліксіз болуы мүмкін. Bain & Company осындай есеп жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Консалтингтік компанияның 2026 жылғы Global Technology Report есебіне сәйкес, ЖИ инфрақұрылымына жыл сайынғы шығын 2031 жылға қарай $1,5 трлн-ға жетуі ықтимал. Bain бұл соманы саланың жалпы табысының шамамен 25%-ы деп есептеп, сондықтан ЖИ нарығы жылына шамамен $6 трлн кіріс әкелуі қажет деген қорытындыға келген.
Алайда қазіргі қолданыстағы ЖИ өнімдері мұндай көлемдегі табысты қамтамасыз ете алмайды. Bain болжамынша, жеке тұтынушыларға ЖИ жазылымдар мен жарнама арқылы, ал корпоративтік ЖИ бағдарламалау, сату, маркетинг, клиенттерге қызмет көрсету және IT операциялары арқылы 2031 жылы бар болғаны $1,2-1,8 трлнтабыс әкелуі мүмкін. Бұл шамамен $4,2 трлн көлеміндегі бос кеңістік қалдырады.
Bain бұл айырманы жабатын бірнеше бағытты атайды. Соның бірі – іздеу жүйелерінің орнына ЖИ-модельдер арқылы ақпарат іздеу және оларға жарнаманы кіріктіру. Компания мұндай модель шамамен $100-200 млрдқосымша табыс әкелуі мүмкін деп есептейді.
Екінші бағыт – автономды көлік, жүк машиналары, дрондар және өнеркәсіптік автоматтандыру. Бұл нарықтан шамамен $400 млрд жаңа табыс түсуі ықтимал. Ал роботтар, цифрлық егіздер мен симуляцияларды қамтитын физикалық ЖИ сегменті $900 млрд-қа дейін нарық қалыптастыруы мүмкін.
Соған қарамастан, осы бағыттардың өзі тапшылықты толық жаппайды. Bain есебінде қалған триллиондаған доллар бүгін әлі жоқ жаңа өнімдер мен қызметтерден келуі тиіс екені айтылады. Олардың қатарына ЖИ арқылы дәрі жасау, психикалық денсаулық қызметтері, материалтану, аккумулятор технологиялары, жартылай өткізгіштер және ғылыми зерттеулерді жеделдету кіреді.
Bain-ның жаһандық технология практикасының төрағасы Дэвид Кроуфордтың айтуынша, қазір пікірталас негізінен ЖИ қызметкерлердің өнімділігін қаншалықты арттырады деген сұраққа тіреліп отыр. Бірақ инфрақұрылым экономикасы одан әлдеқайда ауқымды табыс көздерін талап етеді. Оның пікірінше, ЖИ индустриясына мобильді технологиялар мен бұлтты сервистер дәуірінен де ірі инновация толқыны қажет.
Есепте тағы бір маңызды үрдіс көрсетілген: ЖИ-ға деген сұраныс аппараттық секторды қайтадан алдыңғы орынға шығарды. Әсіресе жоғары өткізу қабілетті жады, озық чип қаптамасы және арнайы AI-чиптерге сұраныс күрт артқан.
Дегенмен $6 трлн межесіне жету кепілдендірілмеген. Бірқатар ЖИ жобалары әзірге күтілген экономикалық қайтарымды бермей отыр, ал жоспарланған дата-орталықтардың бір бөлігі құрылыс кезеңіне де жетпеген. Бұған қоса, чип өндірісіндегі шектеулер инфрақұрылымның кеңею қарқынын баяулатуы мүмкін.