Билл Гейтс ЖИ мен роботтарға салық салуды ұсынды

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат

Microsoft негізін қалаушы Билл Гейтс адам еңбегін жасанды интеллект немесе робот алмастырған жағдайда компаниялар бұрын қызметкер үшін төлеген салықтарға ұқсас төлем жасауға тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі салық жүйесі кей жағдайда адамды жұмысқа алғаннан гөрі автоматтандыруды қаржылық жағынан тиімді етеді, деп хабарлайды turkystan.kz Business Insider басылымына сілтеме жасап.

Гейтс бұл ойын The New York Times журналисі Эзра Кляйнмен сұхбатында қайта көтерді. Ол белгілі бір «еңбек бірлігін» есептеп, сол жұмысты адам орындаса да, робот орындаса да, бірдей салықтық міндеттеме қолдануға болатынын айтты. АҚШ жағдайында әңгіме FICA төлемдері туралы болып отыр: бұл жұмыс беруші мен қызметкер төлейтін және Social Security мен Medicare жүйелерін қаржыландыратын жалақы салығы. 

Гейтстің логикасы бойынша, егер компания адамды жұмыстан шығарып, оның міндетін роботқа немесе ЖИ жүйесіне берсе, мемлекет бұрын сол қызметкердің жалақысынан түсетін салықтан айырылмауы керек. Жиналған қаржыны жұмысынан айырылған адамдарды қайта даярлауға және әлеуметтік қолдау жүйесін күшейтуге пайдалануға болады. 

Кәсіпкер бұл идеяны тамызда жариялаған көлемді эссесінде де айтқан. Онда ол роботтармен қатар ЖИ токендеріне де салық салуды ұсынды. AI token — жасанды интеллект моделінің мәтінді, кодты немесе басқа ақпаратты өңдеу кезіндегі есептеу бірлігі. Мұндай салық ЖИ-ді пайдаланудың белгілі бір көлеміне төлем енгізу тәсілі болуы мүмкін. 

Гейтстің пікірінше, қазіргі жүйеде компания адам жалдаса, оның жалақысына байланысты салықтар мен аударымдар төлейді. Ал робот сатып алғанда оның құнын көбіне бизнес шығыны ретінде есептен шығара алады. Соның салдарынан салық жүйесі компанияны адам еңбегін машинамен алмастыруға жанама түрде ынталандыруы мүмкін. 

Ол мұндай салық автоматтандыруды толық тоқтатуы керек деп есептемейді. Керісінше, мөлшерлеме медицина мен білім сияқты ЖИ-дің қоғамға айқын пайда әкелетін салаларын тежемейтіндей белгіленуі қажет дейді. Гейтс сондай-ақ жасанды интеллекттің еңбек нарығына ықпалы ұлттық шекарамен шектелмейтіндіктен, ЖИ дәуіріне бейімделу үшін мемлекетаралық үйлестіру мен халықаралық институттар қажет деп санайды.

Бұл ұсыныс әзірге заң немесе қабылданған салық саясаты емес, Гейтстің экономикалық көзқарасы. Оның сыншылары робот пен ЖИ-ге қосымша салық салу компаниялардың жаңа технологияға инвестициясын азайтып, өнімділік пен экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін дейді. Мысалы, Nvidia басшысы Дженсен Хуанг Гейтстің роботтар мен ЖИ токендеріне салық салу тәсілімен келіспейтінін айтқан.

Гейтс роботтарға салық салу идеясын алғаш рет шамамен он жыл бұрын көтерген. Енді генеративті ЖИ мен гуманоид роботтар еңбек нарығына жылдам ене бастаған тұста ол бұл ұсынысты қайта күн тәртібіне шығарып отыр. Оның негізгі уәжі – технологиялық автоматтандыру бизнес үшін адамды жұмысқа алудан тек салықтық артықшылық есебінен арзан болмауы керек. 

Тэгтер:

салық робот Билл Гейтс ЖИ