Деменция дендеп барады

Бүгін, 16:00 / Арайлым Жолдасбекқызы

Халықтың қартаю қарқыны деменцияның ауқымын ұлғайтып отыр. Қаттар үлесінің артуы когнитивті бұзылыстардың да таралуын үдетіп, бұл дертті әлеуметтік-медициналық салмағы ауыр басты қатерлердің біріне айналдырды. Соған қарамастан, мемлекеттік деңгейдегі есеп пен шынайы өмірдегі шындықтың арасында үлкен алшақтық бар. Мұндай сәйкессіздіктің негізгі себептері алғашқы диагностиканың нашар дамуынан, білікті гериатрлар мен психоневрологтардың тапшылығынан, сондай-ақ қоғамдағы деменцияны «табиғи қартаю» деп қабылдайтын теріс стереотиптерден бастау алады. Ата-анасының немесе туысының мінез-құлқындағы өзгерістерге немқұрайлы қарау және дер кезінде дәрігерге жүгінбеу салдарынан дерттің алғашқы кезеңдері елеусіз қалып, ресми есепке тек ауыр асқынған шақта бір-ақ ілігеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің есеп­терін­де деменция және Альцгеймер ауруы бар науқастардың ресми тіркелген саны бір­неше мыңнан аспайды, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының стан­дарт­тары мен демографиялық модельдеуге сәй­кес, елдегі 65 жастан асқан 1,6 мил­лион­нан ас­там тұрғынның кемінде 100-120 мыңында когнитивті бұзылыстардың түрлі формалары бар. Мұндай сәйкес­сіз­дікке деменцияның әлеуметтік-эко­но­ми­калық жүктемесін, отбасылардың қаржы­лық шығындарын және нейродегенеративті аурулардың аймақтарда таралуын баға­лай­тын ауқымды эпидемиологиялық зерт­теулердің атымен жоқтығы себеп болып отыр. Ғылыми жұмыс­тар негізінен шағын кли­никалық іріктеулер­мен, диссер­тация­лық ізденістер­мен ғана шектеледі. Оның үстіне, медициналық-әлеуметтік диагнос­ти­каның кешігуі сал­дарынан науқастардың 80 пайызға жуығы дәрігерлік тексеруге ауру­дың орташа және ауыр кезеңдерінде, яғ­ни мінез-құлқында күтімді талап ететін психотикалық немесе моторлық ауыт­қу­лар пайда болғанда бір-ақ жеткізіледі. Ал бұл кезеңде медициналық терапия ауру­дың алдында «қауқарсыз» болып қалады. 
Халықтың қартаю индексінің өсуі – деменцияның таралуын қарқындататын бас­ты драйвер. Мәселен, 60-65 жас аралы­ғын­дағы кісілерде бұл синдромның та­ралуы 1,5-2 пайыз шамасында болса, 80-нен асқан топта бұл көрсеткіш 20-30 пайыз­ға, ал 90 жастан асқандар арасында 40-50 пайызға дейін өседі. Заманауи ме­дици­наның жетістігі орташа өмір жасын ұзартқанымен, қарт­тардың тән саулығы мен сана сергектігін сақ­тауға жағдай жа­сал­маса, дертке шалдық­қандардың саны геометриялық прогрессия­мен өсе береді.
Осының салдарынан мәселе ме­ди­ци­на­лық шеңберден шығып, үлкен әлеу­меттік-экономикалық салмаққа айна­ла­ды. Науқасқа күтім жасайтын отбасы мү­ше­лері күйзеліске, ұй­қы­сыз­дыққа ұшырап, «екін­ші реттік пациентке» айналады. Тіпті, тұ­рақты бақылау қажеттігінен жұмысын тас­тауға мәжбүр болып, отбасының табысы тө­мендейді. Еңбекке қабілетті азаматтардың жұ­мыстан кетуі, күтуші жалдау, гигиеналық ар­найы құралдар сатып алу сияқты жанама шы­ғындар мемлекеттің тікелей меди­ци­на­лық шығындарынан әлдеқайда асып түседі. Ал қоғамда бұл ауру туралы білімнің аздығы дерт­ті «ақылдан адасу» деп қабылдап, ондай қарт­тары бар отбасылардың оқшаулануына әкеледі.
Қалыптасқан статистикалық дисбаланс мем­лекеттік жоспарлау жүйесіне айтар­лық­тай кері әсерін тигізуде. Нақты дертке шал­дық­қандардың шынайы саны көлеңкеде қалатындықтан, денсаулық сақтау және әлеу­меттік қорғау салаларында бюджеттік ре­сурстарды бөлу, мамандарды даярлау, ма­мандандырылған күтім орталықтарын ашу және қажетті дәрі-дәрмек қорларын жа­сақ­тау ісі бұрмаланған деректерге сүйеніп жүр­гі­зіледі. Нәтижесінде, инфрақұрылымдық жә­не қаржылық жоспарлау бұл әлеуметтік дерт­тің нақты ауқымына сай келмей, нау­қас­тар мен олардың отбасыларына түсетін не­гізгі ауыртпалық мемлекеттік қолдау жүйе­сінен тысқары қалып қояды.

Бұл қандай дерт?

Деменция – жеке бір ауру емес. Ол – бас миы­ның зақымдануы, созылмалы па­то­ло­гия­лар салдарынан жады, ойлау, бағдарлау, сөй­леу мен пайымдау сияқты когнитивті қа­білеттердің біртіндеп бұзылуына әкелетін синдром. Дерттің артында нақты био­ло­гия­лық, генетикалық және васкулярлық себептер тұр. Когнитивті бұзылыстардың да­муына өзара тығыз байланысты бірнеше не­гізгі фактор әсер етеді. Ең әуелі, био­ло­гиялық өзгерістер мен нейродегенерация ке­зінде мида патологиялық ақуыз жиналып, нейрондар арасындағы байланыс үзіледі. Бұл ми жасушаларының жаппай жойылуына, яғни атрофияға соқтырады. Оған қоса арте­рия­лық гипертензия, атеросклероз, жүрек-қан тамырлары аурулары, екінші типті қант диа­беті, зат алмасу мен жүйелі қабыну про­цес­тері сияқты созылмалы дерттер мидың микроциркуляциясын бұзып, ауру қаупін арттыра түседі.
Жас мөлшері – деменцияның басты қаупі. 65 жастан асқан соң бұл патологияның даму ықтималдығы әр бес жыл сайын екі есеге өсіп отырады. Се­­бебі жас ұлғайған сайын ми тінінің қайта қал­пына келу мүмкіндігі төмендеп, созыл­ма­лы оксидативті стресс жиналады. Ең қиыны – бұл аурудың тұқым қуалайтыны. Де­менцияның көбі кездейсоқ пайда бол­ғанымен, Альцгеймер ауруына шалдығу қау­пін арттырады. Мамандар APP, PSEN1, PSEN2 гендік мутацияларымен байланысты си­рек формалары аурудың 30-50 жас ара­лығында ерте басталуына соқтырады дейді. Со­нымен бірге өмір салтына қатысты фак­тор­ларды да ұмытпаған жөн. Аз қозғалу, те­мекі шегу, ішімдікке әуестік, әлеуметтік оқ­­­­­шаулану, кітап оқу, ойлау мен білімнің аз­дығы, сондай-ақ бастың ауыр немесе жиі жа­­ра­қаттануы бұл дерттің дамуын едәуір үде­теді.
– Деменцияның пайда болуына ықпал ете­тін және бақылауға болатын 14 негізгі фак­тор бар. Егер созылмалы ауруларды дер ке­зінде тізгіндеп отырсақ, деменция қаупі 45 пайызға төмендейді. 
Аурудың ең алғашқы белгісі – жақын арада болған оқиғаларды есте сақтай алмау. Адамның жады бұзыла бастайды. Ең әуелі бү­гінгі, кешегі, осы аптадағы, сосын осы ай­да­ғы оқиғалар ұмытылады. Ал 30-40 жыл бұ­рын болған жайттарды өте жақсы есінде сақ­тайды. Дәл осы соңғы оқиғалардың ұмы­тылуы – аурудың негізгі индикаторы. Ұмыт­шақтықтың салдарынан адамдар заттарын жо­ғалта бастайды. Оларды әдеттегі орнына емес, басқа жерлерге қойып, кейін таба ал­май, үй ішінде ұзақ іздеп жүреді. Ауру асқын­ған кезеңде «менің затымды біреу ұрлап кет­ті» дей бастайды. 
Дерттің тағы бір ерте байқалатын белгі-сі – адамның, әсіресе, бейтаныс ортада, қай­да жүргенін ажырата алмай, адасып қалуы. Мә­селен, ата-анаңыз басқа қаладағы туыс­та­рыңызға қонаққа барып, сол жерде адасып қалуы мүмкін. Сөйтіп, кері қайтар жолды тап­пайды және айналадағы жағдайдың өз­гер­генін түсінбейді.
Сонымен қатар бір сөзді кайталап айта беру әдеті пайда болады. Бір қойған сұрағын қайта-қайта қойып, бір айтқан әңгімесін қай­тадан айта бастайды. Өйткені ол жаңа ғана не сұрағанын, не айтқанын ұмытып қа­лады. Ауру асқынған сайын мұндай қай­талаулар жиілей түседі, бастапқыда күніне 3-5 рет қайталаса, дерт асқынғанда күніне 20, 50, тіпті 100 ретке дейін жеткізуі мүмкін. Сондықтан үлкендердің денсаулығына жіті мән берген жөн. Ауруды неғұрлым ерте анық­тасақ, соғұрлым дерттің бетін тағы бір­неше жылға шегере аламыз, – дейді ме­дицина ғы­лымдарының кандидаты, пси­хиатр-пси­хотерапевт дәрігер Жібек Жол­дасова. 
Деменцияға шалдыққан адамның жа­қындарына да оңай емес. Науқасқа күтім жа­сайтын адам күйзеліске түседі, ұйқысы бұ­зылады, мазасызданады, тіпті депрессияға түсуі мүмкін. Халықаралық тәжірибеде нау­қасты күтушілердің өзіне депрессияға қарсы ем тағайындау жиі кездеседі. Статистика бо­йынша, деменциямен ауыратын адамға күтім жасайтындардың шамамен 70 пайызы де­прессия немесе күйзеліске ұшырайды, олар кәсіби психологиялық көмекке мұқтаж. 
– Мұндай науқаспен қарым-қатынас жа­саудың арнайы ережелерін білу маңызды. Науқаспен ешқашан салғыласпаңыз, оған бір­деңе дәлелдеуге, пікірін өзгертуге ты­рыс­паңыз. Кез келген дау, қарсыласу оларда агрес­сия тудырады. Неғұрлым дәлелдеуге ты­рысқан сайын, сізді өзінің әлемінде «жер бетіндегі ең жаман адам» ретінде қабылдайтын болады. Негізгі агрессия да, реніш те дәл сізге бағытталады. Са­быр сақтаңыз. Үйдегі ат­мосфераның жайлы болғаны абзал. Науқасқа жа­ғымды көңіл күй сыйлаңыз. Деменцияға ұшыраған адамдар айналада не болып жат­қанын толық түсінбесе де, өзгелердің эмо­ция­сы мен көңіл күйін өзіне көшіріп алады. Бір сұрақты жүз қайталап сұраса да әрқашан ашық, жайдары жауап берсеңіз, жағымды эмо­ция «аласыз», – деді Жібек Жолдасова.
Ғалымдар қоғамда кең тараған «демен­ция – алжу, кәрілік» деген түсініктің еш­қандай ғылыми негізі жоқ дейді. Ғылыми ме­дицина бұл теріс стереотипті толығымен жоққа шығарады. Ең алдымен, деменция та­биғи қартаю процесі емес, ми тіндерінің органикалық, нейродегенеративті немесе тамырдың зақымдануынан туындайтын ауыр патология. Физиологиялық қартаю кезінде мидың жұмыс істеу жылдамдығы сәл баяулауы немесе ақпаратты еске түсіруге сәл көп уақыт кетуі мүмкін, бірақ адам өзінің сыни ойлауын, күнделікті дағ­­дылары мен тұлғалық қасиеттерін толық сақ­тайды. Ал деменция кезінде керісінше, ней­рондар жаппай жойылады. Бұл дерттің кәрі­лік еместігін оның алдын алуға бола­ты­ны айқын дәлелдейді. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының мәліметінше, де­менция жағдайларының кемінде 40 пайы­зының алдын алуға, оның басталуын кейінге қалдыруға болады. Осы ретте қан қысымын бақылау, диабетті емдеу, салауатты өмір сал­тын ұстану, жүрек-қан тамырлары ауру­лары­ның алдын алу, сондай-ақ физикалық және интеллектуалды белсенді болу ең өте маңыз­ды. Оған қоса, бұл аурудың тек қарттарда емес, 30-50 жас аралығындағы еңбекке қа­бі­летті адамдарда да кездесуі оның фи­зио­ло­гиялық қартаюмен тікелей байланысы жоқ­тығын көрсетеді. Осылайша, демен­ция­ны «кәріліктің белгісі» деп санау ме­ди­ци­на­лық диагностиканы кешеуіл­де­те­тін және аза­­маттарды сапалы емнен айыратын қауіп­ті әлеуметтік миф. Сондай-ақ «жақын ада­мын пансионатқа беру ұят» деген стереотип кү­тім жасаушы туыстардың күйзеліске түсіп, ал науқастың тиісті кәсіби медициналық кө­мектен мақұрым қалуына әкеледі. 

Маманға мұқтаж сала

Алғашқы медицина-санитарлық көмек деңгейінде деменцияны ерте анықтау, нев­рологиялық және гериатриялық скрининг жүр­гізу жүйесі елде әлі толық қалыптасып үл­гер­ген жоқ. Учаскелік терапевтер мен жал­пы тәжірибе дәрігерлері когнитивті бұзы­лыс­тың алғашқы белгілерін, яғни есте сақтау мен ойлау қабілетінің нашарлағанын дер ке­зін­де анықтай алмай жатады. Емханаларда ар­найы когнитивті тестілер мен скрининг әдістерін стандартты түрде жаппай қолдану тә­жірибесі жолға қойылмаған. Дәрігерлер көбіне созылмалы ауруларды емдеумен, ауру бел­гілерін уақытша басумен шектеледі. Осы­ның кесірінен аурудың белгілері бастапқы ке­зең­де байқалмай, дұрыс диагноз қою да ке­шігіп жатады. 
Мамандандырылған гериатрлар мен пси­хогериатрлардың тапшылығы да үлкен мәселе болып отыр. Кадрлық резервтің дайын­дығы қазіргі медициналық сұранысты қанағаттандыра алмайды. Жоғары оқу орын­дары мен дипломнан кейінгі білім беру жүйе­сінде мамандар даярлау өте баяу жүреді. Өңірлік емханалар мен ауруханаларда гериатриялық штат жоқтың қасы. Пси­хо­гериатрия бойынша тар бейінді мамандар­дың басым бөлігі ірі мегаполистерде ғана шо­ғырланғандықтан, аймақтағы науқастар сапалы әрі жүйелі диспансерлік бақылаудан қағылып отыр. Оның үстіне кадрлардың білік­тілігін арттыру бағдарламаларында де­менция мен өзге де нейродегенеративті ауру­ларды заманауи хаттамамен емдеу тәсіл­дері әлі де толық қамтылмай келеді.
Деменциясы бар азаматтардың құқық­тық субъектілігін сақтау, мүлкі мен азамат­тық құқықтарын қорғаудың заңнамалық база­сында бірқатар жүйелі олқылықтар бар. Қол­даныстағы «Азаматтық кодексте» тұл­ғаны әрекетке қабілетсіз деп танудың би­нар­лы тетігі сақталған. Адам не толық әре­кетке қа­­білетті, не толық әрекетке қабілетсіз деп та­­нылады. Мұндай сараланбаған тәсіл ког­ни­тивті бұзылыстары бастапқы немесе орташа деңгейдегі науқастардың дербестігін шек­теп, оларды өз өміріне қатысты шешім қа­былдау құқығынан толық айырады. Ал да­мыған елдердің заңнамасында кеңінен қол­данылатын «ішінара немесе қолдаулы ше­шім қабылдау» институты біздің құқық­тық қатыстарда әлі орныққан жоқ. Бұдан бө­лек, сот-психиатриялық сараптама та­ғайын­дау тәртібі мен қамқоршылардың мү­ліктік әрекеттерін бақылау тетіктері бю­рократияланған, ал заңды өкілдер тарапы­нан болатын қаржылық алаяқтық мәселелері де өзекті болып отыр. 
Елімізде деменцияға қарсы страте­гия­ны немесе арнайы жол картасын пәр­­менді түрде енгізу үшін түбегейлі құ­қық­тық және институционалдық реформалар қа­жет. Ең алдымен, Азаматтық және Аза­мат­тық процестік кодекстерге сараланған әре­кет қабілеттілігі институтын енгізіп, нау­қас­тар­дың азаматтық құқықтарын сақтай оты­рып, заңды өкілдерінің көмегімен шешім қабылдауына мүмкіндік беретін нормативтік негізді бекіту сұранып тұр. Институ­цио­нал­дық деңгейде Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомствоаралық коорди­на­ция­сын жолға қоятын арнайы Ұлттық де­менция орталығын немесе координациялық кеңес құру маңызды. Оған қоса, нейро­деге­нера­тивті аурулары бар жандардың бірыңғай ұлт­тық регистрін жасақтау, мемлекеттік ке­пілдендірілген әлеуметтік-медициналық кө­мек стандарттарын жаңарту және заңды өкіл­дердің жауапкершілігін реттейтін ашық ба­қылау тетіктерін заңнамалық тұрғыда бе­кіту деменция мәселелерін шешудің басты дің­гегіне айналуға тиіс.