Ұлжан Байбосынова: Қазақтың жыраулық өнері – мәдени феномен

Бүгін, 15:45 / Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бүгінде ұлттық өнеріміздің өркендеуіне ерен еңбек сіңіріп жүрген қайраткерлердің бірі – жырау, ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова. Ол Сыр бойының жыраулық өнерін кеңінен насихаттап қана қоймай, оны зерттеген ғалым, көптеген шәкірт дайындаған білікті ұстаз. Ұлжан Мәлікайдарқызымен ұлттық өнердің зерттелуі және оның бүгінгі жай-күйі туралы әңгімелескен едік. 

– Өнер мен ғылым жолына келуіңіз­ге не түрткі болды? Алғашқы қа­да­мыңыз қалай басталды?
– Мен Қызылорда облысының Сыр­да­рия ауданында дүниеге келіп, мектепті сон­да бітірдім. Кейін Қызылорда педа­го­ги­ка­лық институтына оқуға түстім. Сол кезде осы оқу орнында өнерге қатысты жаңа ка­­­федра ашылып, 1990 жылы оның алғаш­қы студенттері қатарында болдық. Кейін сол бөлімнің алғашқы түлектері атандық.
Студенттік жылдары өнерге бейімі бар бі­раз талантты жастармен бір ортада білім ал­дық. Олардың арасынан кейін елге та­ныл­ған өнерпаздар шықты. Сол кездегі шы­ғармашылық орта менің өнерге деген қы­зығушылығымды одан әрі тереңдете түс­ті.
Оқуды аяқтаған соң Қызылорда педа­го­гикалық институтында бір жылдай қыз­мет атқардым. Содан кейін жолдамамен Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясына стажер-зерттеуші болып кел­дім. Осы жерде ғылыми ізденісім бас­тал­ды.
– Консерваторияда қандай ғылыми тақырыпты зерттедіңіз?
– Ғылыми жетекшім – өнертану ғылы­мы­ның докторы, профессор Әсия Мұхам­бе­това маған Сыр бойындағы ақын-жырау­лар шығармашылығындағы ислам тақы­ры­бын зерттеуді ұсынды. Бұл тақырыптың Сыр өңірі үшін маңызы ерекше еді. Өйткені Сыр бойы – ежелден ақындық пен жырау­лық өнердің, діни-ағартушылық ойдың ірі ошақтарының бірі. Бұл өңірден көптеген ақын мен шайыр шыққан. Мәселен, Қара­сақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Тұрма­ғам­бет Ізтілеуұлы сияқты Сыр сүлейлерінің шы­ғармашылығында шығыстық әдебиет­тің, діни-ағартушылық ойдың ықпалы ай­қын байқалады. Ол ақындардың бірқа­та­ры Бұхарадағы медреседе білім алған. Сон­дықтан Сырдағы ақындық дәстүрді шы­ғыстық әдебиеттен бөліп қарау мүмкін емес. Олардың шығармаларында діни та­ғы­лым, адамгершілік, білім мен имандылық мә­селелері кең көрініс тапқан. Дегенмен бұл ақындардың кеңестік кезеңдегі идео­логиялық шектеулерге байланысты діни маз­мұндағы көптеген шығармасы жария­лан­бады. Кейбірі мүлдем зерттелмей, қол­жазба күйінде қалды. Тек еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін ғана мұндай мұраларды зерт­теуге мүмкіндік туды. 
– Сіз ел ішін аралап, қолжазбалар жи­наған екенсіз. Қандай кәделі бай­лық­қа жолықтыңыз?
– Аспирантурада оқып жүрген кезде осы тақырыпты тереңірек зерттеуге кіріс­тім. Ел арасынан қолжазбалар жинадық, көзі тірі қариялардан бұрын қағазға түс­пе­ген дүниелерді жазып алдық. Ол кезде бү­гін­гі күнге дейін жеткен көптеген деректі сақ­тап отырған үлкен кісілердің біразының кө­зі тірі еді. Солармен сөйлесіп, жыраулар мен шайырлардың шығармаларын, олар­дың өмірі туралы деректерді жинақтадық. Әсі­ресе, ғазал, мінәжат жанрларында жаз­ған шайырлардың шығармашылығы қы­зық­тырды. Осы материалдар кейінгі ғы­лыми еңбектерімнің негізгі қорына айнал­ды.
– Ғылыми зерттеумен қатар оқулық жазғаныңызды білеміз. 
– Мен бастапқыда өнертану саласында ғы­лыми жұмысымды жалғастырып жүрген едім. Бірақ сол кезеңде мектептерге ар­нал­ған музыка оқулықтарын жазу жұмысына араласуға тура келді.
Жалпы білім беретін мектептердегі му­зыка пәнінің мазмұнына ұлттық өнерді көбірек енгізуге тырыстық. Домбыра үй­ре­ту, халық әндері мен күйлері, әнші-күй­ші­лер­дің өмірі мен шығармашылығы, айтыс, жы­раулық дәстүр сияқты бағыттарды қам­тыдық. Бұл жұмысты белгілі ұстаз Аб­дул­хамит Райымбергеновпен бірлесіп ат­қардық. Бағдарламаны бірнеше жыл бойы же­тілдіріп, шамамен он жылдай еңбек ет­тік. Ол мемлекеттік стандартқа қабыл­да­нып, мектептерге енгізілді.
– Бағдарламаның басты ерекшелігі қан­дай еді?
– Басты ерекшелігі – музыка пәнін тек тео­риялық сабақ ретінде қарастырмай, оны ұлттық тәрбиемен ұштастыруында еді. Бала домбыраны үйренеді, халық әні мен күйін біледі, айтыс пен жыраулық дәстүр туралы тү­сінік алады. Яғни, музыкалық білімнің өзегі ұлттық мәдениетпен байланыс­тырыл­ды. Бұл – тек өнер үйрету емес, бала сана­сын ұлттық дүниетаныммен байытуға ба­ғы­т­талған бағдарлама болды.
– Кейін бұл бағдарлама мектеп­тер­ден алынып тасталды ғой...
– Иә. Еліміздің білім беру жүйесінде бір­неше рет реформа жүрді ғой, сондай бір ке­зекті реформа тұсында музыка пәнінің са­ға­ты қысқарып, соған байланысты атал­ған бағдарлама да мектептің негізгі оқу жүйе­сінен алынып қалды. Дегенмен бағ­дар­ламаның тәжірибесі ізсіз кеткен жоқ. Көптеген мұғалім оның әдістемесін әлі де пайдаланып келеді.
Қазір ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие мә­селесіне ерекше мән беріліп отырғанын кө­ріп отырмыз. Сол жылдары жасалған бағ­­дарламаға қайта оралсақ пайдасы көп болар еді деп ойлаймын. Өйткені ұлттық өнерді баланың тәрбиесімен сабақтастыру өте маңызды.
– Сол бағдарлама негізінде білім ал­ған балалардың нәтижесін көріп жүр­сіз бе?
– Иә. Оның нәтижесін түрлі іс-шара­лар­дан көруге болады. Мысалы, Домбыра кү­ніне орай мыңдаған баланың бір алаңға жи­налып, домбырамен күй тартып, ән орын­дауы – ұлттық өнерді мектептен бас­тап үйретудің нақты нәтижелерінің бірі дер едім. Ол – біздің еңбегіміздің тек қағаз жү­зіндегі бағдарлама болып қалмағанын көр­сетеді. Керісінше, белгілі бір тәжірибеге ай­налып, кейінгі буынға жалғасқанын бай­қаймыз.
– Ал ғылыми зерттеуіңіз қалай жал­ғас­ты?
– Оқулық жазу, ұстаздық және шы­ғар­ма­шылық жұмыстармен қатар ғылыми із­денісімді де тоқтатпадым. Уақыт өте келе Сыр бойындағы ақын-жыраулар мұрасын әде­биеттану тұрғысынан тереңірек зерттеу қажеттігі байқалды. Өйткені онда хикая, қис­са, дастан, ғазал, мінәжат секілді көп­те­ген жанр бар. Олардың әрқайсысын әде­би тұрғыдан арнайы зерттеу керек бол­ды. Сол себепті Қазақ Ұлттық универ­си­те­ті­нің Филология факультетінің «Қазақ әде­биеті» кафедрасына ізденуші ретінде тір­келдім. Бірнеше жыл бойы жинақталған ма­териалдарды қайта қарап, жүйелеп, ғы­лыми жағынан толықтырдым. Солайша, «Сыр бойындағы ақын-жыраулар шығарма­шы­лығындағы ислам тақырыбы» деген ғы­лыми еңбек жазып, филология ғылымы бойынша диссертация қорғадым. Ол кезде қазақ әдебиетінің белгілі ғалымдары ғы­лыми ортада еңбек етті. Тұрсынбек Кәкішев бас­таған үлкен ғалымдардың алдында қор­­ғау – мен үшін үлкен мектеп болды. Ең бас­тысы, консерваторияда басталған зерт­теу кейін әдебиеттану арнасында жалғасын тап­ты. Ғылыми диссертациям негізінде жаз­ған монографиям 2022 жылы «Сыр бойындағы шайырлық дәстүр және ислам мә­дениеті» деген атпен жарық көрді.
Мен ғылыммен немесе сахна өнерімен ға­на шектеліп қалған жоқпын. Өнерді на­си­хаттау мақсатында еліміздің әр өңірінде, жа­қын және алыс шетелдерде шығарма­шы­лық жұмыстар атқардық. Сонымен қатар ұстаздық қызметті де қатар алып келемін. Мен үшін өнер мен ғылым бір-бірінен бө­лек дүние емес. Ғылым ұлттық өнердің та­рихи, рухани негізін тереңірек тануға мүм­кіндік береді, ал өнер сол ғылыми мұ­ра­ны халыққа жеткізеді. Сондықтан осы уа­қытқа дейінгі еңбегімнің негізгі өзегі – Сыр бойының рухани-мәдени мұрасын зерт­теу, ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа жет­кізу және оны білім мен тәрбие жүйе­сі­мен сабақтастыру деп ойлаймын.
– Қайбір жылдары Ықылас атын­да­ғы халық музыкалық аспаптар му­зейін басқардыңыз. Сол кезде қандай нақ­ты шаруаларды атқардыңыз?
– Иә, өзіңіз айтып отырған музейге төрт жыл жетекшілік жасадым. Ол музей­дегі әрбір көне аспаптың өзіндік тарихы бар. Бақ­сылардың қобыздарынан бастап, Құр­ман­ғазы, Сүгір, Сейтек, Қазанғап, Есбай се­кіл­ді ұлы күйшілерге қатысты жәдігерлер – белгілі бір дәуірдің үнін сақтап тұрған тарихи куәліктер.
Музейде қызмет еткен жылдары осын­дай құнды жәдігерлерді іздестіруге ерекше көңіл бөлдік. Сол кезде Ақан серінің дом­быра­сын табудың сәті түсті. Оны музейге Сәкен Жүнісовтің қызы тапсырды. Сәкен аға «Ақан сері» туралы романын жазған кез­де оған Ақтоқтының ұрпақтары өздері сақ­тап келген Ақан серінің домбырасын та­быстаған екен. Біз домбыраны музей қо­рына қабылдап қана қоймай, оны халыққа та­ныстыруға арнайы іс-шара ұйымдас­тырып, зиялы қауым өкілдерін шақырдық. Ақан серінің мұрасын жалғастырып жүр­ген өнерпаздар сол домбырамен ән орын­дады. Сол сияқты, 2017 жылдың соңында Бес­қала жыраулық мектебінің көрнекті өкі­лі, әйгілі Наурызбек жыраудың да дом­бырасы музейге алынды. Бұл домбыраны Наурызбекке нағашысы Оразбай жырау берген, жасалғанына екі ғасыр болған киелі аспап еді.
Мұндай жәдігерлерді музей төріне қою жет­кіліксіз. Оның тарихын айту керек, үнін тыңдату керек. Сонда ғана халық асыл­дарымыздан қалған жәдігерді көріп қа­на қоймай, оған байланысты тарихты да біле жүреді.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде жы­рау­­лық өнердің тыңдармандары азайып қалған сияқты. Оған халық­тың бетін қалай бұруға болады деп ой­­­­лайсыз?
– Қазақтың дәстүрлі әні, күйі мен жы­ры­ның едәуір бөлігі ауызша жетті. Бұл – оның өміршеңдігінің бір белгісі. Бірақ ауыз­ша дәстүрдің әлсіз тұсы да бар: егер оны келесі ұрпаққа жеткізетін адам бол­ма­са, шығарма да бірге жоғалуы мүмкін. Бұ­рын күйтабақтар шығарылатын. Халық ән­шілер мен күйшілердің орындауындағы шы­ғармаларды сатып алып тыңдайтын. Кейін бұл дәстүр біртіндеп тоқтады.
Қазақ радиосы мен телеарналарының ал­тын қорында көптеген құнды жазба сақ­талғаны – үлкен олжа. Бірақ олардың бар­лы­ғы бірдей көпшілікке қолжетімді емес. Бүгінгі цифрлық дәуірде бұл мәселені жаңа тәсілмен шешуге болады, яғни, ұлттық өнер мұ­расын цифрландыру, арнайы плат­фор­маларға орналастыру арқылы кеңінен тара­туға мүмкіндік бар.
Бірақ ең басты мәселе, оған тыңдарман­ды жас кезінен дайындау қажет, сонда ғана жыраулар өнерін жасынан біліп өскен адам кейін де соны тыңдайтын болады. Ұлттық өнер­ді насихаттауды, тыңдатуды орта мек­тептен, тіпті балабақшадан бастаса да ар­тық емес.
– Сыр бойында жыраулық өнердің бірнеше мектебі бар делінеді. Өзіңіз қай мектептің өкілісіз?
– Әрине, Сыр бойындағы жыраулық дәс­түрдің бірнеше мектебі бар. Жиенбай жы­рау, Нұртуған ақын, Нартай ақын негізін қа­лаған жыраулық мектептер – соның ай­қын мысалы. Мен Жиенбай жырау мек­тебінің өкілімін. Ұстазым – Бидас Рүс­тем­беков. Ол кісі Жиенбай жыраудың немересі. Жиен­байдың өнері Рүстембек жырауға жал­ғасып, Рүстембектен Көшеней мен Би­дасқа жалғасқан дәстүр бізге де жетті.
Көшеней Рүстембекұлы жыраулық өнердің үлкен өкілі еді. Өкінішке қарай, ол жас­тай дүниеден өтті. Бірақ оның дауысы мен орындау мәнері таспаларда сақталған. Ал Бидас ағамыз көптеген шәкірт тәр­бие­леді. Мен де сол кісіден тәлім алған шә­кірттердің бірімін.
Бұл жерде ұстаз бен шәкірт арасындағы қа­рым-қатынастың мәні ерекше. Дәстүрлі өнерді кітаптан ғана үйрену мүмкін емес. Көп нәрсе орындаушының жанында оты­рып, оның дауысын тыңдау, мақамын се­зіну, сөзді қалай жеткізетінін көру арқылы бе­ріледі. Мысалы, «Көрұғлы» жырының біз­ге жету жолының өзі – осы дәстүрдің нақ­ты көрінісі. Жиенбай жырау бұл жыр­дың бір нұсқасын Түрікменстаннан алып келіп, қазақы орындау дәстүріне бейімдеген екен. Кейін оны өзінің баласы Рүстембекке үйрет­кен. Рүстембек жырау Көшеней мен Би­дасқа жеткізген. Бидас ағамыз өз кезе­гінде маған үйретті. Мен 2011 жылы осы жыр­дың орындау нұсқасын CD-диск етіп шы­ғардым. Міне, бұл – қазақтың ауызша мә­дениетінің қалай сақталғанын көрсе­те­тін мысалдың бірі.
– Бұрын жыр-терме, дастан орын­дау­шыларды жырау дейтін едік, кейін­гі кезде «жыршы», «термеші» деп атай­тын­ды шығардық. Неге олай?
– Жыраулық өнер туралы сөз болғанда «жырау» мен «жыршы» ұғымдарының ара­жігі де жиі талқыланып жатады. Негізі, қа­зақ бұрын «жыршы», «термеші» деп бөл­ме­ген, жырау деген. Бір кезде жырдың ма­қа­мы мен сөзін өзі шығарып, өзі орын­дайтын өнерпаздар жырау атанса, кейін жыр-дастан, терме-толғау айтқандардың бәрін жырау деп таныған. «Жыршы» ұғы­мы­ның пайда болуы белгілі әдебиетші ға­лым Есмағамбет Ысмайловтың 1956 жылы жарық көрген «Ақындар» деген еңбегінің «Жыршы» деген бөлімінде «Қазақ ұғымында жыршы ақын емес, өз жанынан өлең-жыр шығармайды. Ол негізінде бұрынғы дайын өлең, жырларды айтып таратушы» деген пікіріне байланысты болса керек. Ал халық бұрыннан жыр-дастандарды белгілі бір мақаммен орындаушыларды «жырау» деп атаған.
Мен бұл мәселеге дәстүрдің ішкі таби­ға­ты тұрғысынан қараймын. Сыр бойын­дағы ортада «жырау» ұғымы кең мағынада қол­данылып келген. Жыраудың репер­туа­рын­да терме де, толғау да, арнау да, көңіл­қос та, қисса-дастан да бар. Діни әдебиеттен кел­ген мінәжат пен ғазалдар да жыраулық дәс­түрдің құрамына енген. Жыраулық – үл­кен рухани мектеп. Жырау шәкіртке тек ма­қам үйретпейді. Ол сөздің мағынасын, та­рихын, философиясын, халықтық дү­ние­танымын бірге үйретеді. 
Менің шәкірттерім жыл сайын кемінде екі дастан жаттайды. Төрт жыл ішінде бір­неше көлемді дастанды толық игеріп, тер­ме, толғау, арнау, көңілқос сияқты жанр­лар­ды қатар меңгереді. Сонда шәкірттің қо­рына жүзден астам шығарма қосылады. Сондықтан мен шәкірттерімді жай ғана орындаушы (жыршы) деп емес, болашақ жырау деп тәрбиелеуге тырысамын. Екі шәкіртімнің Жамбылдың 180 жылдығына арналған «Ұлытау үні» фестиваліне қаты­сып, жүлделі орынмен оралуы – мен үшін үлкен қуаныш.
– Сыр бойының жыраулық дәс­түрін­­де көмекеймен айту дәстүрі бар. Бұл – дауысты қолдан құбылту арқылы жа­сала ма, әлде соған дауысы келетін­дер­дің орындау ерекшелігі ме?
– Жыраулық өнердің табиғатын түсіну үшін оның музыкалық ерекшеліктеріне де на­зар аудару қажет. Жырды көмекеймен ай­ту – қолдан жасалатын тәсіл емес, жы­раудың бойындағы табиғи өнер. Орын­дау­дың мұндай түрін қабілеті, табиғи икемі бар өнерпаздар ғана жасай алады. 
– Қазіргі «Тұран» сияқты фольклор­дық-этнографиялық ансамблінің «та­мақпен айту» стилі Сыр бойы жы­рау­лары­ның көмекеймен айту дәстүріне жақын ба?
– Жоқ, ол хакас, тыва, алтайлықтар се­­кілді халықтарға тән жыр-дастан орын­дау ерекшелігі. Сыр бойындағы «көмекей­мен айту» оған ұқсамайды. Сондықтан «та­­­­мақпен айтуды» біздің өнер деп тануға бол­майды. Ал «көмекеймен айту» бүгінде әлем­дік мәдени мұра ретінде мойындалған өнер дер едік.
– Нақты дәлел келтірсеңіз?
– Жырды көмекеймен айтумен та­ны­мал Қармақшы жыраулық дәстүрі әдеби, му­зыкалық және мәдени құндылықтарды қа­тар қамтиды. Бұл мектептің дәстүрі ұс­таз­дан шәкіртке, атадан балаға беріліп, бү­гінгі орындаушылар арқылы жалғасып отыр.
Биыл 9-13 ақпан аралығында Ташкент қа­ласында Ислам әлемі білім, ғылым және мә­дениет ұйымы – ИСЕСКО-ның Мәдени мұра комитетінің 13-сессиясы өткенде, осы ұйымға мүше мемлекеттерден 100-ден ас­там өтінім түскен. Соның ішінде Қазақстан ұсын­ған «Ою-өрнек» және «Қармақшы жы­­­раулары» – Ислам әлемі мұралары тізі­міне енді. Сөйтіп, «Ою-өрнек» – қазақ хал­қы­ның дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнері­нің үлгісі ретінде танылса, «Қармақшы жы­раулары» – Сыр өңіріндегі ауызша поэ­зия мен музыкалық мұра дәстүрлерін сақ­тап келген жыраулық өнер мектебі ре­тін­де мойындалды.
– Тамаша жаңалық! Ал енді Фран­ция­ның Ordre des Arts et des Lettres (Өнер және әдебиет ордені) мара­па­тына ие болуыңыз да өзіңіз насихаттап жүрген жыраулық өнер үшін берілген шығар?
– Дұрыс аңғарып отырсыз. Бұл беделді ма­рапат маған «қазақтың көне жыршылық-жы­раулық өнерін, фольклорын және дәс­түрлі музыкалық мұрасын халықаралық дең­гейде насихаттаудағы ерекше еңбегім (со­ның ішінде көмекеймен айту) үшін, сон­­дай-ақ әлемдік мәдени диалогты да­мы­туға қосқан сүбелі үлесіме орай» берілген көрінеді.
Шынымды айтсам, марапат берілетінін естігенде, оған соншалықты мән бере қой­мап едім. Сөйтсем, Франция Мәдениет ми­­­­нистрлігі 1957 жылы тағайындаған «Өнер және әдебиет ордені» – әлемдегі өнер және әдебиет саласында ерекше жетістікке жеткен, сондай-ақ француз халқының және әлемдік мәдениеттің дамуына үлес қос­­қан қайраткерлерге берілетін» ең бе­дел­ді халықаралық марапаттардың бірі екен. Аталған марапатты 2017 жылы Ал­ма­ты қаласында өткен халықаралық фо­льк­лор фестивалі аясында Францияның Қазақ­стандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің қолынан алып тұрып, ұлтымның дәстүрлі жы­раулық өнерінің әлемдік деңгейде мойын­далғанына қуандым.
Біз өзімізде бардың қадіріне жете бер­мейміз ғой. Жұрт бар нәрсе жоғала қоймас деп қам жей бермейді, ал өзге жұрт біздің ға­сырлар бойы үзіліссіз жалғасып келе жат­қан төлтума өнеріміздің қадірін біліп, құрметтейді. Мен Францияда жыр айтқа­нымда олардың мұндай қалыптасқан дәс­түрлі халық өнерін жоғары бағалай­ты­нын көрдім. Сахнаға арнайы декорация жасап, жан-жағыңа жарқ-жұрқ еткен шамдарды жақпайды. Қараңғы сахнанын ортасында отырып, жырыңды орындайсың. Зал да, сахна да қараңғы, жарық саған ғана түсіп тұрады. Сосын кең далада жападан-жалғыз отырғандай шабыттанып жырыңды айта бере­сің. Ал көрермен қыбыр етпей тыңдай­ды. Мен 47 минут бойы «Көрұғлыны» айт­қанда солай болды. Бір қызығы, ондай кон­церт беруге шақыратынын олар бір жыл бұрын айтып, сен туралы барлық мәлі­метті алдырады, орындайтын шығармаң туралы деректермен көрермендерді күні бұрын таныстырады. Яғни, тыңдарман сен келгенше кім екеніңді, айтатын жырыңның мазмұнын біліп отырады. Өнерге деген қан­дай құрмет десеңізші!
– Бүгінгі қазақтың жыраулық өне­рі­нің даму деңгейін қалай бағалай­сыз?
– Құдайға шүкір, жыраулық өнер бір кез­де қазақ елінің бар аймағында болып, кейін санаулы өлкелерде сақталып қалса да, қазір қайта қанат жайып келеді. Елі­міз­дегі Сыр бойы, Маңғыстау, Жетісу және Қа­­­рақалпақстандағы қандастардың Бес­қа­ла жыраулық мектептері дәстүр сабақ­тас­тығын үзбей келеді. Аталған жыр мектеп­тері­нің өкілдері өздеріне тән жыр-терме айту ерекшелігін сақтап, тыңдармандарына жетіп жатыр. Бұл үдеріс уақыт өте қанатын кең­ге жая түседі деп ойлаймын. Шын мә­нін­де, жыраулық өнер қазақтың мәдени фе­номені ғой. Қазіргі заманда орындауға бір­неше сағат кететін дастандарды жатқа ай­татын қазақ өнерпаздарының болуы ұлт­тық өнеріміздің ұмытылмайтынының ай­ғағы шығар. Сондықтан жыраулық 
өнер­ді өміріне серік қылған жандарды көрсем қуанам, тыңдайтындарды көрсем сүйсінем.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ