Отандық стартап: Ішкі нарықты меңгерген SHAI жобасы

Бүгін, 15:30 / Túrkistan Gazeti

Технологиялық кәсіпкер Әлібек Пола­тов­тың жолы осы үдерістің қалай жү­ретінін көрсетеді. Жастайынан мате­ма­ти­­каға қызыққан ол Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің есептеу математикасы және кибернетика факультетінде білім алып, жүйелік бағдарламалау саласының мама­ны­на айналған. Алғашқы кезеңде оны код жазу, күр­делі жүйелер құру және технологиялық мін­деттерді шешу қызықтырған. Кейін ин­же­нерді басқа сұрақ қызықтырған: жасалған тех­нология нақты кімнің мәселесін шешеді жә­не оның экономикалық құндылығы неде?
Бұл сұрақ оны технология кәсіпкеріне ай­налдырды. Оның командасы Oraclus стар­тапын іске қосып, жобаға шамамен 400 мың дол­лар инвестиция тартты. Алайда кейін стар­тап жабылды. Сырт көзге бұл сәтсіз аяқ­талған жоба болып көрінуі мүмкін. Бірақ По­латовтың өзі осы тәжірибені кәсіпкерлік жо­лындағы ең маңызды қадамның бірі са­найды. Оның айтуынша, бірнеше жылдық ең­бек пен инвестицияның өзі өнімнің на­рық­та сұранысқа ие болатынына кепілдік бер­мейді.
Осы тәжірибеден кейін оның техноло­гия­ға деген көзқарасы өзгерді. Бұрын ин­же­нер үшін «қандай технология жасай аламыз?» де­ген сұрақ бірінші орында тұрса, кейін «клиент­тің қандай мәселесін шешеміз?», «оның экономикалық әсері қандай?» және «клиент бұл шешім үшін ақы төлеуге дайын ба?» деген мәселелер толғандырған. Пола­тов­тың пайымынша, мықты технология жасау мен жүйелі бизнес құру – екі бөлек міндет.
Бұл – қазіргі стартап экожүйесінің не­гіз­гі қағидаларының бірі. Ғылыми жаңа­лық­тың немесе технологиялық шешімнің құн­ды­лығы оны нақты өмірде қолдануға бола­тын­дығымен өлшенеді. Ал инвестиция үшін тех­нологияның өзі ғана емес, оның нарық­тағы сұранысы, экономикалық әсері және тұ­рақ­ты бизнес-модель құру мүмкіндігі маңыз­ды.
Полатовтың бүгінгі жұмысы да осы ұста­нымға негізделген. Ол SHAI жобасы арқылы кор­поративтік AI-агенттерді бизнес процес­теріне енгізумен айналысады. Мақсаты ай­қын: жаңа жасанды интеллект моделін жа­сап, әлемдегі технологиялық алпауыттармен жарысу емес, керісінше, дайын технология­лар­ды нақты компаниялардың жұмысына бейімдеп, одан тұрақты пайда табу.
Оның айтуынша, қазір жасанды ин­тел­лект­ке қызығушылық өте жоғары. Бірақ биз­нес үшін «бізде AI бар» деген сөздің өзі жет­кі­ліксіз. Кәсіпкерлік орта үшін маңыз­дысы – сол технология компанияға нақты қан­дай пайда әкелетіні. Сондықтан стар­тап­тың құндылығы оның технологиялық ерек­шелігінен бұрын, клиенттің мәселесін қан­шалықты тиімді шеше алатынымен анық­та­лады.
Мысалы, корпоративтік AI қарапайым чат-боттан өзгеше. Ірі компаниялар­да он­да­ған мың ішкі құжат, келісімшарт, қаржылық есеп, техникалық материал мен ішкі регла­мент болады. AI-агент осы ақпарат­қа рұқсат дең­гейіне сәйкес қол жеткізіп, қа­­жетті құ­жатты тауып, нақты сұраққа жауап бере ала­ды. Мұнда жасанды интел­лек­тінің өзі­мен қа­тар деректер қауіпсіздігі, жүйе­лерді ин­тег­рациялау, рұқсат деңгейлері мен бизнес-ло­гика да маңызды.
Мұндай шешімдердің экономикалық тиім­ділігі де нақты есеппен өлшенеді. Пола­тов компанияның AI-ға жай ғана «чат» үшін ақша төлемейтінін айтады. Клиент белгілі бір процестегі қателікті, уақытты немесе қол еңбегін азайтатын шешім үшін төлейді. Мә­селен, қандай да бір процесс компанияға жы­лына 100 миллион теңге шығын әкелсе, технология сол шығынды 30 миллион теңгеге дейін қысқартқан жағдайда, оның экономикалық мәні айқын болады.
Осы тұрғыдан алғанда, технологиялық стартаптың инвестициялық тартымдылығы да айқындала түседі. Инвестор үшін ғылыми идеяның әдемілігінен бұрын оның қандай мәселені шешетіні, нарықтағы қажеттілігі және экономикалық қайтарымы маңызды.
Қазақстан үшін мұның тағы бір маңызды қыры бар. Жергілікті стартаптар әлемдік технологиялық компаниялармен міндетті түрде бір алаңда бәсекелесуі шарт емес. По­ла­товтың пікірінше, Қазақстандық ком­па­ниялардың артықшылығы жергілікті кон­тексті жақсы тү­сіну­де болуы мүмкін. Мұнда қа­зақ және орыс тіліндегі құ­жат­тар, Қазақ­стан заңнамасы, деректерді сақтау талап­тары, компаниялардың ішкі жүйе­лері мен жергілікті бизнес процестері ескеріледі.
Бұл фактор технологиялық кә­сіпкерлік үшін жаңа мүмкін­дік қалыптастырады. Әлем­­дік компаниялар әмбебап өнім жасау­ға ұмтылса, жергілікті стартап нақты бір елдің не­месе белгілі бір саланың ерекшелігіне бейім­делген шешім ұсына алады. Яғни, Қа­зақстанда технологиялық өнім жасау үшін міндетті түрде әлемдік ал­пауыттардың тіке­лей көшірмесін жасау қажет емес. Нақты жер­гілікті мәселені ше­шетін өнімнің өзі нарық­қа шығатын жобаға айналуы мүмкін.
Полатовтың жеке тәжірибесі де осы­ның бір мысалы. Бір жағынан, оның ал­ғашқы стартапы инвестиция тартып, кейін жабылды. Екінші жағынан, сол жоба кә­сіпкерге технологияны бизнес қажет­тілі­гінен бөлек қарастыруға болмайтынын көр­сетті. Енді ол жаңа жобасында алдымен клиент­тің мәселесін анықтап, оның эконо­микалық әсерін есептеп, содан кейін ғана технологиялық шешім ұсынуға мән береді.
Бұл жерде ғылым мен кәсіпкерліктің түйісетін тұсы да бар. Университетте алған математикалық және инженерлік білім тек зертханада немесе академиялық ортада қалмай, нақты өнімге айналуы мүмкін. Ал технологиялық өнім өз кезегінде инвестиция тартуға жол ашады. Ол үшін ғылыми немесе инженерлік идеяны нарықтың талабымен ұштастырып, тұтынушыға нақты құндылық ұсыну қажет.
Стартаптың өсуі тек жаңа технология жасаумен шектелмейді. Ол үшін инженер, зерттеуші, бизнес маманы, инвестор және клиент арасындағы байланыс қажет. Пола­товтың Oraclus-тен кейінгі тәжірибесі де тех­нологиялық кәсіпкерлікте нарықты тү­сінудің қаншалықты маңызды екенін көр­сетеді.
Жасанды интеллектінің дамуы бұл процесті одан әрі жеделдетуі мүм­кін. Полатов алдағы 3-5 жылда барлық ма­ман­дықтарға сұраныс бірден азаймайды деп есептейді. Оның пайымынша, алдымен ма­ман­дықтардың ішіндегі жекелеген міндеттер автоматтандырылады. Заңгер, аналитик не­месе бағдарламашы өз жұмысын жалғас­тыра береді, бірақ құжаттарды іздеу, ақпарат жинау немесе кодтың бір бөлігін дайындау сияқты қайталанатын міндеттердің сипаты өзгереді. Сондықтан ол болашақ мамандарға фундаменталды біліммен қатар сыни ойлау және AI құралдарымен жұмыс істей білу қа­білеті қажет.
Технологиялық өзгерістердің ауқымы арт­қан сайын Қазақстан үшін де ғылым мен ин­новацияны экономиканың нақты сек­торы­мен байланыстыру маңызды бола түсе­ді. Стартаптар осы байланысты жүзеге асы­ра­­тын тетіктердің бірі бола алады. Ғылыми идея жаңа өнімге, өнім нақты қызметке, ал сұра­нысқа ие қызмет инвестициялық жоба­ға айналуы керек.
Сондықтан технологиялық кәсіпкер­лік­тің басты мәселесі тек «жаңа нәрсе ойлап та­бу» емес. Ең маңыздысы – сол жаңалықтың кім­ге қажет екенін, қандай мәселені шеше­ті­нін және одан қандай экономикалық нә­ти­же шығатынын анықтау.
Әлібек Полатовтың тәжірибесі осы жол­дың бірқатар маңызды қырын айтты: ин­вестиция тарту жобаның соңғы нәтижесін біл­дірмейді, технологияның күрделілігі оның нарықтағы құндылығына автоматты түрде кепілдік бермейді, ал жергілікті ерек­шелікті жақсы білетін стартаптар әлемдік тех­нологияларды пайдалана отырып, өз нары­ғынан орын таба алады.
Қазақстанда ғылым мен технологияға негізделген жаңа жобалар үшін мүмкіндік дәл осы тұстан ашылады. Ғылыми білімді, ин­женерлік қабілетті және нарықтағы нақ­ты сұранысты бір арнаға тоғыстырған стар­тап қана технологияны экономикалық құн­дылыққа айналдыра алады.

Наурызбек САРША