«Ало, бұл – менмін!»

Бүгін, 15:00 / Túrkistan Gazeti

АҚШ-тағы Instinct стартапы күнделікті шаруаларды өзі орындайтын жеке AI-агентті дамытып жатыр. Компания 2026 жылғы қыркүйекте 1 млрд доллар инвестиция тартып, құны  10 млрд долларға жетті.    

Instinct-тің басты ерекшелігі – ол пайдаланушыға кеңес беріп қоймай, нақты әрекет жасай алады. AI-агент сапарды жоспарлап, билет пен қонақүй іздейді, ресторанға бронь жасайды, азық-түлікке тапсырыс береді және жазылымдарды басқаруға көмектеседі. Онлайн брондау мүмкіндігі жоқ жағдайда агент мекемеге телефон соғып, қажетті шаруаны өзі атқара алады. Компанияның мәліметінше, агенттің жеке телефоны мен компьютері бар және ол цифрлық сервистерді адам секілді пайдалануға бейімделген. Сондай-ақ Instinct-ке жеке электронды пошта берілген: пайдаланушы тапсырыс туралы хатты агентке жіберіп, тауарды қайтару немесе қолдау қызметімен байланысу сияқты жұмыстарды атқара алады.
Instinct төлем мен аккаунттарды басқару мүмкіндіктерін де дамытып жатыр. Осы арқылы AI кеңес беретін чаттан адамның атынан сатып алу, брондау және басқа операцияларды орындайтын цифрлық көмекшіге айналмақ.
Стартап 2026 жылғы тамызда invite-only режимінде іске қосылды. Қыркүйектің соңында Sequoia Capital, Benchmark және Coatue қатысқан Series C раундында 1 млрд доллар тартып, компанияның құны 10 млрд долларға жетті. Бұл жеке AI-агенттер нарығына инвесторлардың қызығушылығы күрт артқанын көрсетеді. Дегенмен автономды AI-агенттердің дамуы құпиялық пен қауіпсіздік мәселесін де алға шығарады. Агент пайдаланушының электронды поштасына, аккаунттарына және төлем құралдарына қол жеткізген сайын, қате әрекет пен жеке деректерді қорғау тәуекелі артады. Сондықтан келесі AI жарысы тек «қай модель ақылды?» деген сұрақпен шектелмей, «адам өзінің цифрлық өмірін қай агентке сеніп тапсырады?» деген мәселеге тірелуі мүмкін.

Наурызбек САРША