Әлімхан Қасымов АҚШ-тың билет нарығын талдайтын сервис әзірледі

Бүгін, 14:45 / Túrkistan Gazeti

Қазақстандық стартапшы Әлімхан Қасымов АҚШ-тағы билет нарығын талдауға арналған технологиялық сервис әзірледі. Жоба халықаралық стартап ортасында назарға ілігіп, 
Perplexity ұйымдастырған Billion Dollar Build бағдарламасында көзге түсті.

Әлімхан Қасымовтың жобасы АҚШ-тағы билет нарығындағы деректерді талдауға бағытталған. Сервис концерттер, спорттық жарыстар және басқа да іс-шараларға сатылатын билеттер туралы ақпаратты өңдеп, нарықтағы сұраныс пен баға өзгерістерін түсінуге көмектеседі.
Мұндай технологияның қажеттілігі АҚШ-тағы билет нарығының ерекшелігімен байланысты. Танымал концерт немесе спорттық іс-шараның билеттері алғашқы сатылымнан кейін қайта сату платформаларына түсіп, олардың бағасы сұранысқа қарай бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Нәтижесінде, билет те кәдімгі биржа секілді бағаланатын активке айналады.
Қазақстандық кәсіпкер осы нарықтағы үлкен көлемдегі ақпаратты технология көмегімен жүйелеуге назар аударған. Оның сервисі пайдаланушыға әртүрлі іс-шаралар мен билеттер туралы деректерді салыстырып, нарықтағы өзгерістерді бақылауға мүмкіндік беретін аналитикалық құрал ретінде дамытылуда.
Жобаның халықаралық деңгейде танылуына Perplexity ұйымдастырған Billion Dollar Build стартап бағдарламасы ықпал етті. Бағдарлама жаңа технологиялық өнімдер жасап жатқан кәсіпкерлерді анықтап, перспективалы жобаларды инвесторлар және технологиялық индустрия өкілдерімен байланыстыруға көмектеседі.
Қасымовтың жобасының ерекшелігі – Қазақстан нарығымен шектелмей, бірден АҚШ секілді үлкен әрі бәсекесі жоғары нарықтағы нақты проблеманы шешуге ұмтылуы. Бұл кейінгі жылдары қазақстандық стартаптар арасында байқалып келе жатқан жаңа тенденциямен де үндеседі. Бұрын технологиялық жобалардың басым бөлігі алдымен жергілікті нарыққа өнім жасап, кейін халықаралық экспансия туралы ойласа, жаңа буын кәсіпкерлерінің бір бөлігі өнімді алғашқы күннен-ақ жаһандық аудиторияға бағыттап отыр.
Әлімхан Қасымовтың жобасы әзірге даму кезеңіндегі стартаптардың бірі. Сондықтан оның болашақтағы коммерциялық нәтижесін алдағы уақыт анықтайды. 

Наурызбек САРША