Ақтөбе облысында биыл дәнді дақылдардың өнімділігі 2025 жылмен салыстырғанда 34 пайызға көп. Қазір өңірде егін жинау науқанының 92,6 пайызы аяқталып, 402,7 мың гектардан 562 тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерді құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 10,6 центнер болған.
Биыл Ақтөбе облысында 435 мың гектарға дәнді, 84 мың гектарға майлы дақылдар, 6 мың гектарға картоп пен көкөніс-бақша дақылдары егілді. Дәнді дақылдарды жинау ауа райы қолайлы болса шамамен бір аптада аяқталуы тиіс.
Өнімділік бойынша Хромтау (19,3 центнер), Мәртөк (15,9 центнер) және Қарғалы (15,3 центнер) аудандары тәуір көрсеткішке ие. Ал Әйтеке би ауданында өнімділік 6,8 центнерден аспаған. Мұны аудан шаруалары шілде-тамыз айларындағы жауын-шашынның аздығы мен аптаптан көріп отыр.
Егін жинау науқанына мемлекеттік қолдау да ықпал етуде. Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, биыл «Кең дала-2» бағдарламасы аясында шаруаларға 8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Оның 3,2 млрд теңгесі «Ақтөбе» ӘКК қаржыландырған. Сонымен қатар өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге бөлініп, оның 1,6 млрд теңгесі төленді.
Ақтөбенің ауыл шаруашылығы саласындағы техника паркі де жиі жаңартылады. Жыл басынан бері шаруашылықтар 13,7 млрд теңгеге 843 техника сатып алған. Оның ішінде 338 трактор, 30 комбайн мен 457 басқа техника түрлері бар. «ҚазАгроҚаржы» арқылы 11,6 млрд теңгеге 704 техника лизингке алынған.
Күзгі дала жұмысына 8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қыркүйек айында шаруалар дизельдің әр литрі 284 теңгеден белгіленген. Бұл нарықтағы орташа бағадан шамамен 15 пайызға арзан.
Өңірде жиналған астықты сақтауға да мүмкіндік мол. Ақтөбе әкімдігі облыс аумағындағы астық сақтайтын қамбалардың жалпы сыйымдылығы –710 мың тонна екенін айтады. Қазір элеваторларда 136,3 мың тонна астық сақтаулы. Қамбаға алқаптардан жеткізілген бидайдың 75 пайызы 3-сорт, 22 пайызы 4-сортқа жатады. Қамбаға құйылған арпаның бәрі 2-сорт деп бағаланып отыр.
Майлы дақылдардың 32 пайызы жиналып, 22,7 мың тонна өнім алынды. Картоптан 42,1 мың тонна, көкөністен 33,2 мың тонна өнім жиналды.
Ендігі міндет – қалған өнімді ысырап қылмай жинап, қамбаға құю және келесі маусымға дайындықты бастау.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе