Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байланыс жаңа белеске көтерілмек. Қонаевта өткен бизнес форумда инвестиция, өндіріс, ауыл шаруашылығы, «жасыл» технология, су ресурстары, көлік-логистика және цифрландыру секілді өзекті бағыттар сөз болды. Екі елдің іскер топтары үшін бұл кездесу нақты жобаларға бастайтын жаңа мүмкіндіктер алаңына айналды.
Форумға Қазақстан мен Данияның мемлекеттік органдары, даму институттары мен кәсіпкерлері бас қосып, екі елдің экономикалық қарым-қатынасын жаңа мазмұнмен толықтыру мәселелерін талқылады.
Форум Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссеннің Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Кездесуге екі елден 70-тен астам мемлекеттік орган, даму институты және бизнес өкілі қатысты.
Бұл сапардың дипломатиялық салмағы да бар. Ларс Лёкке Расмуссен – 2009 жылдан бері Қазақстанға келген Данияның алғашқы Сыртқы істер министрі. Ал келер жылы Қазақстан мен Дания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады.
Демек, Қонаевтағы басқосу екі ел арасындағы бұрыннан қалыптасқан байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі деуге негіз бар.
Екі елдің экономикасы тоғысқан тұс
Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байланыс кейінгі жылдары біртіндеп кеңейіп келеді.
Ресми мәлімет бойынша, 2005 жылдан бері Данияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы шамамен 400 миллион долларға жеткен. Қазақстан нарығында Carlsberg, FLSmidth, Novo Nordisk, Danfoss, Maersk секілді белгілі дат компаниялары жұмыс істейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Дания арасындағы тауар айналымы 163,6 миллион доллар болды. Оның 40,7 миллион доллары Қазақстан экспортына, 122,9 миллион доллары импортқа тиесілі. Ал 2026 жылдың қаңтар-шілде айларындағы өзара сауда көлемі 87,7 миллион долларды құраған.
Бұл көрсеткіштер жаман нәтиже емес. Бірақ екі елдің экономикалық әлеуетін ескерсек, өзара сауда мен инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар екені анық.
Сондықтан бұрынғы байланысты сақтай отырып, оның мазмұнын өзгерту маңызды. Яғни, дайын өнім саудасынан технологиялық серіктестікке, жеке инвестициядан бірлескен өндіріске, тауар алмасудан ұзақмерзімді жобаларға көшу.
Қонаевтағы форумның күн тәртібі де осыны аңғартты.
Боралдайдағы өндіріс – нақты нәтиженің көрінісі
Даниялық делегацияның Қазақстанға сапары қарсаңында Алматы облысында маңызды өндірістік жоба іске қосылды.
Боралдайда Carlsberg Kazakhstan компаниясының жаңа алкогольсіз сусындар өндіретін кешені ашылды. Жобаға 344 миллион доллар инвестиция салынған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 миллиард литрге дейін жетеді. Жаңа өндірісте 230-дан астам жұмыс орны құрылмақ.
Бұл – Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың экономикалық байланысты нығайта бастағанының көрінісі. Алматы облысында іске қосылған жаңа кәсіпорынның өңір үшін маңызы зор.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – жергілікті қамтуды арттыру мүмкіндігі. Өндіріс айналасында шикізат жеткізушілерінен бастап тасымалдау, қызмет көрсету және басқа да қосалқы салаларға жергілікті кәсіпкерлер атсалысады.
Яғни, инвестициялық жоба өз айналасына бірнеше шағын және орта бизнесті топтастыратын экономикалық тізбек қалыптастыра алады.
Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық
Қазақстан мен Дания арасындағы ынтымақтастықтың тамыры ауыл шаруашылығына да барып тіреледі.
2011-2025 жылдары Қазақстан Даниядан 10 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал импорттаған.
Бұл – екі елдің аграрлық саладағы байланысының бір көрінісі. Алайда ендігі кезеңде мәселе тек асыл тұқымды мал әкелумен шектелмеуге тиіс.
Қазақстан үшін маңыздысы – Данияның ауыл шаруашылығындағы тәжірибесін, технологиясын және өндірістік мәдениетін ел ішінде қолдану.
Бұған мал шаруашылығы, генетика, сүт өндірісі, жем-шөп дайындау, өңдеу өнеркәсібі және цифрлық технологиялар жатады.
Мәселен, Қазақстанда сүт өндірісін дамыту үшін асыл тұқымды малдың өзі жеткіліксіз. Оның жанында ветеринарлық қызмет, жем-шөп базасы, заманауи ферма, сақтау және өңдеу инфрақұрылымы, логистика секілді тұтас жүйе болуы қажет.
Данияның тәжірибесі осы тұрғыдан қызықты.
Сондықтан екі елдің аграрлық ынтымақтастығының келесі кезеңі «қанша мал әкелдік?» деген сұрақтан гөрі «қандай технологияны Қазақстанда қалыптастырдық?» деген мәселеге ойысса, оның экономикалық әсері әлдеқайда кең болмақ.
«Жасыл» экономикаға бетбұрыс
Қонаевтағы форумның күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – «жасыл» технология.
Дания жаңартылатын энергетика, энергия тиімділігі, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын басқару салаларында тәжірибесі қалыптасқан елдердің бірі.
Қазақстан үшін бұл бағыттардың маңызы жыл өткен сайын артып келеді.
Әсіресе, су мәселесі қазір экономикалық қана емес, стратегиялық мәселеге айналып отыр. Ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану, қалалардағы су инфрақұрылымын жаңарту, өндірістегі су шығынын азайту – технологиялық шешімді қажет ететін бағыттар.
Сол себепті Данияның су үнемдеу технологиялары мен басқару тәжірибесін Қазақстанда пайдалану екі ел арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі болуы мүмкін.
Энергетика саласында да осындай мүмкіндік бар.
Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, өндірістің энергия тиімділігін арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге ұмтылып отыр. Ал Дания бұл бағыттарда жинақтаған тәжірибесімен бөлісе алады.
Бұл жерде ең бастысы – дайын технологияны сатып алумен шектелмей, оны Қазақстан экономикасына бейімдеу және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру.
Орта дәліз: Қазақстанның географиялық артықшылығы
Қазақ-дат ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты – көлік және логистика.
Қазақстан үшін бұл сала ерекше маңызға ие. Өйткені еліміздің географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы сауда жолдарының дамуына мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары осы тұрғыдан Транскаспий халықаралық көлік бағытына, яғни Орта дәлізге деген қызығушылық артып келеді.
Қазақстан арқылы Қытайдан Каспий теңізіне, одан әрі Кавказ бен Еуропаға шығатын жүк бағыттарының дамуы еліміздің транзиттік әлеуетін күшейте алады.
Данияның әлемдік логистикадағы тәжірибесі бұл жерде Қазақстан үшін маңызды серіктестік мүмкіндігін туғызады.
30 қыркүйекте Алматыда Maersk компаниясы, «Қазақстан темір жолы» және қазақстандық әлеуетті серіктестердің қатысуымен арнайы дөңгелек үстелдің өтуі де осы бағыттағы байланыстың күшейіп келе жатқанын көрсетті.
Қазақстан тек транзиттік жүк көлемін көбейтуге тырысып отырған жоқ. Логистикалық қызметтердің сапасын көтеру, контейнерлік тасымалды дамыту, цифрлық бақылау жүйелерін енгізу және халықаралық логистикалық тізбектерге тереңірек ену де маңызды.
Бұл бағытта дат компанияларының тәжірибесі қажет.
Қонаевтың экономикалық әлеуеті
Форумның дәл Қонаев қаласында өтуінің де өзіндік мәні бар.
Алматы облысы – халқы тығыз орналасқан, өндірістік және ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары, маңызды көлік жолдары тоғысатын өңірлердің бірі. Сонымен бірге Қонаевтың жаңа облыс орталығы ретінде қалыптасуы қаланың экономикалық және іскерлік рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Қала мен облыстың инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде көрсету үшін осындай форумдардың маңызы зор.
Боралдайдағы жаңа өндіріс пен Қонаевтағы бизнес кездесудің бір күнге тоғысуы да символдық мәнге ие.
Екі елге де қажет серіктестік
Қазақстан үшін Даниямен ынтымақтастықтың мәні – Еуропаның технологиялық және инновациялық тәжірибесіне қол жеткізу мүмкіндігі.
Дания үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі нарық, табиғи ресурстарға бай мемлекет, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік дәліздерінің бірі.
Екі елдің мүдделері осы тұста тоғысады.
Қазақстан өзінің географиялық орналасуын, нарығын және өндірістік әлеуетін ұсынады. Дания технологиясын, капиталын, басқару тәжірибесін және халықаралық бизнес байланыстарын ұсына алады.
Егер осы мүмкіндіктер нақты жобаларға айналса, екіжақты экономикалық байланыстың жаңа кезеңі басталады.
Қонаевта өткен форумның басты маңызы да осында.
Ахмет ӨМІРЗАҚ