Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 халықаралық ІТ форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технология және роботты техника салаларындағы перспективті жобалар көрмесіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Digital Bridge форумы Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналғанын атап өтті.
– Мұнда әлемнің технологиялық дамуына зор үлес қосып жүрген білікті мамандар жиналды. Форум аясында жаңа идеялар мен тың бастамалар ұсынылады, тиімді байланыстар орнатылып, нақты жобалар іске қосылады. Сондықтан Digital Bridge халықаралық форумын шын мәнінде жаңашыл, жасампаз және зияткер азаматтар бас қосатын бірегей жиын деп айтсақ, артық болмасы анық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі аса қарқынды, құбылмалы және озық заманда жаңа технологияны дамытудың маңызына тоқталды.
– Күллі әлем жұртшылығы жасанды интеллектінің дамуына айрықша назар аударып жатыр. Себебі жасанды интеллектінің ықпалымен өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Оған бәріміз де куә болып отырмыз. Осы орайда, AI & Digital Bridge форумының мазмұны да жыл өткен сайын жаңа сипатқа ие болуда: жаңа өзекті мәселелер пайда болды, қатысушылардың ауқымы да ұлғайды. Форумда цифрландыру тақырыбынан бөлек, есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, индустрия саласындағы жасанды интеллект, ғылым, технология саласындағы заңнама мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасулар өтуде. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстардың алтын көпірі ретінде табысты қызмет етуде. Форумның түпкі мақсаты да, басты міндеті де, миссиясы да – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге қатысты асқан жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті.
– Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, еліміздің жетістіктеріне тоқталды.
– Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді. Дегенмен озық технология саласындағы бұл жетістіктермен шектеліп қалуға болмайды. Біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастырамыз десек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Президент өнеркәсіп саласы бойынша жасанды интеллект міндеттерінің тізімін жасау маңызды деп санайды. Аталған тізім нақты экономикалық қажеттіліктерге негізделуге тиіс.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы тізімге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелден келген командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Оң нәтиже көрсеткен үздік жобалар міндетті түрде өндіріске енгізіледі.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады.
Ол Қазақстанда цифрлық трансформацияның құқықтық негізі қаланғанын, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл арада мұқият ойластырылған институционалдық теңгерім мен тәуекелге негізделген тәсіл қажет.
– Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан қарапайым қағиданы ұстанған жөн: азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент өнеркәсіп саласы бойынша жасанды интеллект міндеттерінің тізімін жасау маңызды деп санайды. Аталған тізім нақты экономикалық қажеттіліктерге негізделуге тиіс.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осы тізімге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелден келген командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Оң нәтиже көрсеткен үздік жобалар міндетті түрде өндіріске енгізіледі. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады.
Ол Қазақстанда цифрлық трансформацияның құқықтық негізі қаланғанын, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл арада мұқият ойластырылған институционалдық теңгерім мен тәуекелге негізделген тәсіл қажет.
– Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан қарапайым қағиданы ұстанған жөн: азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.
– Сондықтан біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы, бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет. Осы тұста ескеретін маңызды мәселе бар. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн. Технология қарқынды түрде дамыған сайын, білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түседі. Бұл – ақиқат, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілетудің маңызы зор екенін айтты.
– Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Жасанды интеллект жікке бөлмеуі қажет. Технологиялық кедергілер елдердің арасын алшақтатып, дамуымызды баяулатады. Сондықтан бүгінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қалыптасқан арналарын сақтау өте өзекті. Халықаралық ықпалдастыққа қатысты көзқарасымыз ұлттық мүдделерді құрметтеу және технологияны бейбіт мақсатта қолдану қағидасына негізделеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллектінің мүмкіндігі молая түскен сайын, оның қаупі де артады деп пайымдайды.
– Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік – мұның бәрі кезек күттірмей қаралуға тиіс мәселелер. Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті, қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жасанды интеллект жастарға сапалы білім алып, жан-жақты даму үшін мол мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.
– Жастарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жасанды интеллектіні еркін меңгерген, әр нәрсеге сын көзбен қарайтын білімді тұлға болып қалыптасқаны маңызды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалағанын айтты.
– Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты мақсаты – қол жеткізілген табыстарды әр азаматтың игілігіне айналдыру. Жаңа технологиялық дәуірде еліміздің лайықты орын алуына қажетті алғышарттар бар. Табысымыз терең білімге, батыл шешімдерге, прагматикалық тәсілдер мен жауапты іс-әрекетке байланысты болмақ. AI & Digital Bridge таланттар мен идеяларды біріктіріп,
халықаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, өршіл жобаларды қолға алуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халықаралық форум аясында Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University базасында жасалған AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan, ALFA жобалары, Aitu ұлттық мессенджерінің жаңа функционалдық мүмкіндіктері көрсетілді.
Бұдан бөлек, көрме қонақтары «Самұрық-Қазына» қоры мен Higgsfieldai компаниясының интеллектуалдық шешімдерімен және «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» дамыту жоспарымен танысты.
Ұсынылған әзірлемелер жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқарудың түрлі саласына енгізуді, отандық цифрлық инфрақұрылымды қолдауды және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуды көздейді.
Мемлекет басшысы жиын барысында NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен кездесті. Кездесуде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және есептеу инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің жаһандық экожүйесін қалыптастыруда NVIDIA компаниясының рөлі айрықша екенін айтты. Сонымен қатар жасанды интеллектіні Қазақстан экономикасының басым салаларында қолдану аясын кеңейтудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы мен NVIDIA компаниясының вице-президенті өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізі қалыптасқанына назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстанда NVIDIA технологиясының базасында екі суперкомпьютер кластері іске қосылды.
Кездесуде Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын жүзеге асыруға баса мән берілді. Жоба қуаттылығы шамамен 30 МВт болатын есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Кейін оның көлемін
1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланған.
Президент осы бастаманы табысты жүзеге асыру үшін NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған келісімдердің маңызына тоқталды.
Рев Лебаредян Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының даму барысын жоғары бағалап, NVIDIA компаниясының «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының келесі кезеңіне қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның кадрлық әлеуетін және технологиялық экожүйесін дамыту мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы сонымен қатар General Atlantic төрағасы және бас директоры Уильям Фордты қабылдады. Әңгімелесу барысында инвестициялық ынтымақтастық перспективасы, сондай-ақ елімізде технология секторы мен жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық трансформация ел дамуындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осыған орай жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдің жетекші инвесторлары мен технологиялық компанияларын тарту маңызды.
Президент Қазақстанда жаңа технологиялық экожүйе қалыптасып жатқанын айтты. Оның құрамына Astana Hub, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы, Qazaq AI Research University кіреді.
Мемлекет басшысының айтуынша, аталған экожүйені дамыту Higgsfield AI секілді әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті технологиялық компаниялардың пайда болуына септігін тигізеді.
Өз кезегінде Уильям Форд Қасым-Жомарт Тоқаевқа General Atlantic компаниясының қаржы технологиясы, электрондық коммерция, бағдарламалық жасақтама және жасанды интеллект салаларындағы жедел дамып келе жатқан компанияларға, сондай-ақ энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымға инвестиция құю мүмкіндіктері туралы айтты.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен General Atlantic төрағасы Екібастұзда жүзеге асырылатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасына назар аударды. Осы орталық аясында жасанды интеллектіге, «бұлттық» есептеулерге және цифрлық сервистерге арналған ірі инфрақұрылым алаңы жасалады. Қазір General Atlantic компаниясы аталған жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр.
AI&Digital Bridge 2026 халықаралық ІТ форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ делегациясын қабылдады. Мемлекет басшысы БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Әл-Мазруи мен Абу Даби әмірлігі Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур әл-Мансуримен кездесті.
Президент берік достық байланысқа, өзара сенімге, стратегиялық серіктестікке негізделген Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас ерекше сипатқа ие екенін атап өтті. Сөз орайында БАӘ Қазақстанның ірі шетелдік инвесторларының ондығына кіретінін айтты. 2025 жылы елімізге Әмірліктерден 1,64 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 3,5 есе ұлғайған.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, БАЭ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға, БАӘ Вице-Президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға, БАӘ Вице-президенті шейх Мансұр бен Заид Әл Наһаянға ыстық ықыласын жолдады.
Кездесуде көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән берілді. Бұдан бөлек, AD Ports Group компаниясымен бірлескен жобаларды іске асыру, Каспий теңізінде портты инфрақұрылым мен флотты дамыту, сондай-ақ Орта дәлізді нығайту мәселелері талқыланды.
Өзара әңгіме аясында ТрансАуған дәлізінің перспективасы мен теңіз, теміржол, автокөлік және әуе тасымалы бағыттарындағы ұзақмерзімді серіктестікті қалыптастыру жайы сөз болды.
Жасанды интеллект пен цифрландыру салаларындағы серіктестік те әңгіме арқауына айналды.
Мемлекет басшысы Presight AI компаниясымен суперкомпьютер инфрақұрылымы жобаларын іске асыру, Smart City және көлік қозғалысы бейнемониторингінің ұлттық жүйесін құру бойынша ықпалдастықты жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАӘ делегациясы G42 компаниясының Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» ауқымды экожүйесін құруға қатысу мүмкіндігін қарастырды.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен БАӘ қарым-қатынасын дамытуға қосқан үлесі үшін Сухейл Әл-Мазруиді және Мансур әл-Мансуриді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.