1 қазанда Қазығұрт ауданында толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан бірнеше елді мекенде сел жүрді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір сел өткен аумақтарда жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Оқиға орындарына арнайы 9 техника мен 64 адам жұмылдырылып, сел салдарын жою, аумақтарды тазарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған.
Сонымен қатар, сел суы тұрғын үйлердің аулаларына кірген азаматтарға тиісті көмек көрсетілуде. Жағдай жауапты сала мамандарының тұрақты бақылауында.
Алдын ала мәлімет бойынша, адам шығыны мен тұрғын үйлердің қирау жағдайлары тіркелген жоқ.
«Құрметті Қазығұрт ауданының тұрғындары!
Қалыптасқан жағдайға байланысты баршаңызды сабырлық сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз.
Сел қаупі бар аумақтардан алыс болып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың нұсқауларын орындауларыңызды өтінеміз.
Қазір жауапты қызметкерлер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи құбылыстың салдарын жою бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып жатыр», – делінген хабарламада.