Светлана Айтбаева: Димашқа cыйланған музыкалық аспаптарды үйде сақтап отырмыз

Бүгін, 09:53 / Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Даңқты әнші Димаш Құдайбергенді әлемнің көптеген елінде жақсы таниды. Жүзден астам мемлекетте 200-ден астам фан-клубы бар. Олар Димашпен кездесуге асық. Жер-жерде өткен концерттеріне міндетті түрде барып, оны қолдауға тырысады. Сосын сүйікті әншісіне сыйлық ұсынады.  Соның дені – музыкалық аспаптар. Ал сол аспаптар қайда сақталып жатыр? 
Әншінің анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаевамен осы мәселе төңірегінде сөйлескен едік.

– Светлана Ермекқызы, музыкалық ас­паптар сыйлау дәстүрі қай кезде бас­тал­ды?
– 2019 жылы Наурыз мейрамында Мәс­кеу­дегі Кремль сарайында Димаштың жеке концерті өтті. Әу баста бір күнге жос­пар­лан­ған концертке адам сыймай, екі күн қа­тарынан қойылды. Сол концертке келген Бе­ларусь және ресейлік  жанкүйерлер  Ди­маш­қа гусли сыйлады. Ол «Таёжная Му­зы­кальная Артель» халықтық музыкалық ас­паптар шеберханасында жасалған. 
Міне, осыдан кейін жер-жерде музыка­лық аспап сыйлау дәстүрге айналды. Қай жер­ге барсақ та, бізге музыкалық аспап сый­­лайды. Кейде арнайы беріп жібереді.
– Оларды қайда әкеліп қоясыздар?
– Әрине, әр сыйлықтың артыңда жүз­де­ген, мыңдаған көрерменнің, тіпті бір ұлт­тың немесе бүтіндей  бір елдің көңілі жа­тыр. Сондықтан біз әрбір дүниеге ерекше құр­метпен қараймыз. Сыйлықты алған соң оны елге жеткізу бар. Ұшақта сынып қал­мауы жағына мән береміз. Өйткені музы­ка­лық аспап дегеніңіз өте нәзік дүние ғой. Қа­шан үйге жеткенше, мазамыз кетеді. Ба­сында үйде сақтап келдік. Бірақ сыйлық кө­бейген сайын үй тарлық ете бастады. Со­сын «Дайдидау» мейрамханасына жөндеу жұ­мыстары жүргізілгенде мен Қанатқа оның қабырғаларын музыкалық аспап­тар­ға арнап жасақтау туралы өтініш жасадым. Сыр­тын әйнекпен қоршап, сонда қойдық. Кел­ген меймандар тамашалайды, әсіресе, шет­елдіктер әр аспаптың жанынан шық­пай қояды. 
– Көрмеге де қойылды ғой?
– Иә, әуелі Ұлттық музейде қойылды. 
1 ай бойы келушілер қатары көп болды. Со­сын Ақтөбеде көрме ұйымдастырылды. Он­да 1 айға деп жоспарлап едік. Бірақ жұрт­шылықтың сұрауымен 4 айға созылды. 
– Алматыда Ықылас атындағы ха­лық музыкалық аспаптар музейінде де қойылғанынан хабардармыз.
– Иә, бұл бір мемлекет және қоғам қай­рат­кері Өзбекәлі Жәнібеков ашқан ғажап му­зей ғой. Дәл ондай музей Қазақстанда жоқ. Әлемде үздік бестікке кіреді екен. Қа­зір оны Жәнібековтің ұлы Бауыржан Өз­бе­кәлі­ұлы басқарып отыр. Сол кісі бірде ха­барласып, Абайдың, Махамбеттің дом­быра­лары өздерінде сақталып тұрғанын айтып, Димаштың да бір домбырасын сұрады. Со­дан әңгімелесіп қалып, әлемнің әр түп­кірі­нен сыйланған сыйлықтар жөнінде ай­тып ем, Бауыржан Өзбекәліұлы елең ете қал­ды. 1 айға көрме өткізу жөнінде ұсыныс айтты. Мен Ақтөбеде бол­ған жайтты баяндап, бір ай аздық етеді-ау деп едім, солай болып шықты. Мұнда да көр­ме 4 айға созылды. Ұлттық кон­сер­ваторияның студенттері, Қазақстандағы бар­лық ұлттық аспап жасайтын шеберлер, шет­елдік туристер барыпты. 
Әлі де келушілер болар ма еді, өкінішке қа­рай, 4 айдан әрі қарай созуға   олардың да мүмкіндігі болған жоқ. Өйткені музейдің өзін­де 1,5 мың аспап бар. Бір мезгілде оның 400-ін ғана көрсете алады. 
– Ал сіздерде қанша аспап бар?
– Расын айтсақ, біз соның нақты санын біл­мейтінбіз. Бауыржан Өзбекәліұлы бізден сұра­ғанда 70-тен астам деп едім, ол кісі екі ма­манын жіберіп, санап келіп қалғанда шет­елде сыйланған, өз елімізде сыйланған дү­ниелерді қосқанда, ұзын-саны 85 аспап бо­лып шықты. 
– Ықылас атындағы халық музы­ка­лық аспаптар музейінің көп көмегі ти­ген екен ғой?
– Айтпаңыз, бұл жерден біз көп дүниені бі­ліп шықтық. Өйткені мұндағы әрбір ма­ман көне жәдігердің қадірін біледі. Соған ма­манданған. Жалпы, музыкалық аспап­тар­ды үйде сақтау деген мүлде дұрыс емес­ті­гіне көзіміз жетті. Мысалы, мүлде қоз­ға­ма­дық дегеннің өзінде үшеуіне зиян келгені анықталды. Ықылас атындағы халық му­зыкалық аспаптар музейінің «Шертер» ком­паниясымен өзара келісімшарты бар екен, бізге соның аясында жөндеп берді. 
Мұның сыртында музей қызметкерлері біздің басқа да жоғымызды түгендеді. Бізге, әдет­те, мұндай сыйлықтар концерттің ал­дын­дағы немесе соңындағы жанкүйер­лер­дің басқосуында беріледі ғой. Оны тізімдеп, қай жерде алғанымызды, кім бергенін, ол ас­паптың қандай қасиеті бар екенін жазып алу­ға үлгермей жатамыз. Өйткені уақыт тап­шы. Сосын біз музей  маманы емеспіз ғой. Бірақ, әйтеуір, біздің үйдің әр адамы му­зыкалық аспапқа құрметпен қарайды, со­сын оны қалайда үйге жеткіземіз. Ықы­лас музейінің мамандары біздің баспасөз қыз­метінің мамандарымен бірлесе отырып, әлемнің әр түпкіріне хабарласып, әрбір ас­паптың қайдан, қай кезде берілгенін анық­тап тізім жасады. Қазір ол біздің база­да тұр. Яғни, бәрі ретке келтірілді. Сол үшін де музей қызметкерлеріне алғыс айтамыз. 


– Жақсы болған екен, әйтпесе, мы­на аспаптар туралы дерек жинау да оңай емес қой. 
– Иә, маманның аты маман. Әр ас­пап­тың тарихы, оның қалай қолданылатыны туралы дерек жинап, базаға түсіріп берді. Біз­де үндінің ситары мен дхолакы,  малай­дың сапесі, грек пен болгарға ортақ там­бура, венгрдің дөңгелекті лирасы, Қолум­бия­ның анд бандоласы, Лиссабон гитарасы, Перудің чарангосы, Бразилияның виола-кай­п­ирасы, Чилидің гитарроны, чехтардың арфалы гитарасы, украинның кобзасы, тү­­ріктің кабак кеманесі мен кеменчесі, ту­ва­­лықтардың игилі, саханың крымпаасы, Италия, Испания, Франция және Балқан ел­дерінің халық музыкасы мен би мәде­ние­тінде кең таралған тамбурина, итальянның ока­ринасы, испанның кастаньеті, словак­тың фуярасы, Латын Америкасы музыка­сын­­да кең таралған Бразилияның пан­дей­руы, Швейцарияда жасалған ханг, Африка елдерінің  музыкалық мәдениетінде кең таралған калимба, Қытайдың сяосы мен бам­буктен жасалған флейтасы және Бао­дин әуезді шарлары, өзбектің дойрасы, ла­тыштың коклесі, армянның дудугі, саха­ның хомусы, тағы басқа елдердің сый­лық­тары бар. Мұның сыртында Димаштың өз ата­сының алпысыншы жылдарда ұстаған дом­бырасы, нағашы атасы Ермектің сый­лаған баяны да бар. Құралай Нұрқаділова мен Майкл Джексонның жеке стилисі Гоко Залдидің Димашқа арнайы тіккен сахна­лық костюмі де тұр. 
– Мына бір мандолинаға ерекше құр­метпен қарайтыныңызды байқадым. 
– Димаш биыл 17 мамырда БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі жаһандық ізгілік елшісі бо­лып тағайындалғаны мәлім. Ол елші ре­тін­де 17-19  қыркүйек күндері Бангладешке са­пар шекті. Атақты Кокс базарына барды. Мұн­да үйінен, Отанынан айырылған мил­лионнан астам босқын өмір сүріп жатыр.  33 лагерьде орналасқан олардың жағдайы өте мүшкіл. Гуманитарлық көмекпен ғана жү­рек жалғап отыр. Жыл сайын 40 мыңнан ас­там бала дүниеге келеді екен. Олар тіпті ла­герьдің сыртында өмір бар екенін біл­мей­ді де. Димаш сол жақтан телефон со­ғып, осыны айтқанда жаны жылап тұрды. Сол жерден әлем халқына үндеу жасады. 
Адам қай жерде де адам болып қалады ғой. Қандай қиын жағдайда да өмір жалғаса береді. Осы миллионнан астам адамның ішін­де небір ғажап музыканттар бар. Олар Ди­маштың келе жатқанын естіп, екі ком­позиция әзірлепті. Оның бірін Димаштың са­парына арнап жазған. Сосын қолда бар дү­ниелермен мандолина жасап, сыйға тар­тыпты.  Қазір  қарапайым, жұпыны  ман­до­лина біздің ең құнды дүниеміздің біріне ай­налды. Себебі онда миллионнан астам босқынның арзу-арманы, тілегі жатыр. 
Әңгімеміздің басында Ықылас атын­дағы музей бізден Димаштың домбырасын сұрады деп едім ғой. Біз оның бала күнінде ұстаған домбырасын бердік. Ал олар бізге Абай домбырасының ғылыми көшірмесін сыйлады. Айта кетейік, қазір ғылыми кө­шірме деп сатып жүргендер бар. Бірақ на­ғыз ғылыми көшірме үшеу-ақ екен. Соның бірі бізде тұр. 
Сондай-ақ біздің қолымызда 2014 жы­лы жүргізілген археологиялық экспедиция барысында табылған ең көне қобыздың ғы­лыми көшірмесі бар. Оны Димашқа ака­де­мик Дархан Қыдырәлі сыйға тартты. Зерт­­теушілер бұл қобыздың VI-VII ғасыр­лар­­да өмір сүрген музыканттарға тиесілі еке­ніне қол қойып отыр. Қобыздың екі ғы­лыми көшірмесі жасалыпты, оның бірі ұлт­тық музейде сақталады, ал екіншісі – бізде. 
Жоғарыда саха хомусы туралы айттық қой. Сол хомус та ғарышкерлермен бірге  ға­рышқа «барып келген» он хомустың бірі. 
 Әр сыйлықтың «тағдыры» бар. Мысалы, бір америкалық қыз қазақстандық шеберге арнайы домбыра жасатып, оны Димаштың Дубайдағы концертінде сыйға тартты. Көңі­лі ғой, қалай қуанбайсың? Бірде бізге жан­күйерлер славян халықтарына тән дәс­түрлі шертпелі ішекті музыкалық аспап – дом­раны сыйға тартты. Бұл аспап Беларусь елін­дегі «Прованс» гүл студиясының маңын­да орна­лас­қан ескі, қаңырап қалған үйдің шаты­рынан табылған. Ішінде оны жасаған ше­бердің аты-жөні де сақталыпты: «Петр Пла­тонов. 1955 жыл». Сынған домраны сту­дия шеберлері көркем гүл композиция­сына айналдырыпты. Димашқа да солай сыйлады. 


– Үйде сақтау қиын деп қалдыңыз. Мейрамханада ше?  
– Иә, біздің үй қонақсыз болмайды. Келе­тіндердің көбі, әсіресе, ұлдардың ара­ласатын достарының дені музыканың ай­наласында жүргендер.  Олар ұстап көреді. Тіп­ті, кейде алып та кетеді. Мысалы, өткен­де Димаштың Лондонда жасаған ең алғаш­қы концертінде сыйланған волынканы тап­пай қалдық. Волынка – месқобыз. Ол – сирек кездесетін аспап. Оған жазылған шы­ғармалар аз. Білуімше, Нұрғиса Тілен­диевтің месқобызға арнап жазған жалғыз-ақ шығармасы бар екен. Оны орындайтын адам жоқ көрінеді. 
Сонымен әлгі Лондонда сыйланған шот­ланд волынкасын таппай қалдық дедім ғой. Сөйтсек, ол бір музыканттың қолында екен. Біздің іздеп жатқанымызды естіп, әке­ліп берді. 
Қоятын басқа жер болмағандықтан, му­зыкалық аспаптарды мейрамханада ор­наластырдық. Бұл, әрине, келушілердің на­за­­рын аудару үшін  жақсы. Бірақ обал. Өйт­­кені мұнда музейдегідей темпера­тура­лық режим сақталмайды.  
– Сонда бұл тығырықтан қалай шы­ғуға болады?
– Әлемнің әр түпкірінде сыйланған құн­ды аспаптар біздің отбасының ғана емес, күллі Қазақстанның ортақ игілігі бол­­са құба-құп. Оны кез келген адам, әсі­ре­се, жас ұрпақ көруі керек. Сонда олар да алға ұмтылар еді. Ал екінің бірі мейрам­ха­наға келе бермейді ғой. Бұл – бір. Екіншіден, егер, арнаулы музей жасақталса, оған елі­міз­ге келген  туристер де ағылар еді. Оның ше­шімін қалай табуды ойланып жүрміз. Нақ­ты ұсыныстар болса қарастырып көру­ге әзірміз.
Қазір 85 жәдігер бар дедік қой. Уақыт өт­кен сайын оның саны көбейе береді. Қа­зір екі-үш ай сайын біздің қолымызға бір ас­пап түсіп отыр. Осы ретте әлемнің әр түп­­кіріндегі мемлекеттерде Қазақстан ел­шілігін басқарып отырған азаматтарға, олар­дың жұбайларына алғыс айтқым ке­леді. Олар өздері тұрып жатқан елдердің аза­маттары сыйлаған дүниені бізге бірнеше рет жеткізіп берді. 

P.S. 

Светлана Ермекқызымен сөйлесіп отырып, менің есіме Кеңес заманында жоғары басшылықтың тапсырмасымен көзі құртылуға тиіс сурет өнерінің жауһарларын алыс Қарақалпақстанның астанасы Нөкіске жинаған И.Савицкий түсті. Қазір оның есімін иеленген, «Орталық Азияның Лувры» атанған музейде 100 мыңнан астам экспонат бар. «Бізге әлі Париж келеді» дейді екен жарықтық. Сол кезде біраз адам күлген көрінеді. Қазір әлемнің түпкір-түпкірінен Нөкіске ағылып жатқан туристер көп. 
Ал  Димаштың туған жерін көреміз деп бізге келіп жатқан туристер қазірдің өзінде жетерлік. Ал біз сондай ұлы мүмкіндікті пайдалана алып отырмыз ба? 
  Жарайды,  бүгінге дейін  пайдалана алмасақ, әлі де уақыт бар ғой. «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ. 
Сенгіміз келеді... 

Сұхбаттасқан – 
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ