Су басқан Нью-Джерси көшелеріне акула жүзіп келген

1 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
unsplash.com

АҚШ-тың Нью-Джерси штатында күшті солтүстік-шығыс дауылынан кейін су басқан көшеде акула жүзіп жүргені видеоға түсіп қалды. Оқиға Surf City елді мекенінде болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жергілікті тұрғын Дрю Прокаччино 26 қыркүйекте үйінің маңындағы су басқан көшеде акуланың жүзбе қанатын байқап, сәтті камераға түсірген. Оның айтуынша, жануар бір сәт көлік жолынан аулаға қарай бұрылып, кейін Барнегат шығанағына қарай бет алған.

Массачусетс теңіз балық шаруашылығы бөлімінің зерттеушісі Грег Скомал видеодағы жануарды smooth dogfishтүріне жататын шағын акула деп анықтаған. Бұл түр сол маңдағы суларда жиі кездеседі және адамға қауіпті саналмайды.

Мамандардың мәліметінше, мұндай акулалардың тістері өткір емес, жалпақ келеді. Олар негізінен шаянтәрізділермен, кальмарлармен және ұсақ балықтармен қоректенеді.

Қуатты дауыл Нью-Джерси мен АҚШ-тың шығыс жағалауындағы басқа аймақтарға да әсер етті. Кей жерлерде көшелер мен үйлерді су басып, ондаған мың тұрғын жарықсыз қалған.

Желдің жылдамдығы кей аумақта сағатына 60 мильден асып, ағаштарды құлатқан. Бруклинде құлаған ағаш салдарынан 56 жастағы ер адам қаза тапқаны хабарланды.

Тэгтер:

Акула АҚШ