Төралқа Қазақстан Халық Кеңесінің тұрақты комитеттері төрағалары мен құрамын бекітті

Бүгін, 18:35 / Дана Ізтілеуова
Ж.Жұмабеков

Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының бірінші отырысы өтті. Күн тәртібіне Мемлекет басшысы Кеңес Сессиясында белгілеп берген стратегиялық міндеттер шығарылып, олардың іске асырылу жолдары талқыланды. Сонымен қатар тұрақты комитеттер мен Әдеп жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отырысты аша отырып, Ерлан Қошанов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алдына қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған мемлекеттік ауқымдағы міндеттер қойғанын атап өтті. Атап айтылғандай, азаматтар мен билік арасындағы қашықтықты қысқартатын және халықтың үнін анағұрлым салмақты ететін жаңа институттың терең философиясы дәл осында жатыр, сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі Президенттің сенім мандатын нақты жұмыспен және нақты нәтижелермен ақтауы тиіс екенін қосты.

«Бүгін біз Халық Кеңесі Төралқасының алғашқы отырысын өткізіп отырмыз. Жуырда ғана баршамыз ел тарихындағы елеулі оқиғаның куәсі болдық. Жаңа конституциялық институт өз жұмысын бастады. Мұның артында Мемлекет басшысының соңғы жылдардағы ауқымды, табанды әрі еселі еңбегі тұр. Президентіміз Халық Кеңесінің алдына маңызды міндеттер қойды. Олар – бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын жаңа белеске көтеру. Халық Кеңесінің мәні де, тарихи миссиясы да осында. Ел Президенті артқан осы зор сенімге біз нақты іспен, нәтижелі жұмыспен жауап беруге тиіспіз», – деді Ерлан Қошанов. 

Төралқа отырысының барысында үш негізгі комитеттің құрамы бекітіліп, басшылары тағайындалды. Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетін Вера Ким, Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік бағытын Марат Әзілханов басқарады. Ал Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жетекшісі болып Табиғат Зейнұлқабден тағайындалды.

Комитеттердің құрамын бекіту және жетекшілерін тағайындау Қазақстан Халық Кеңесінің стратегиялық міндеттерін жүйелі, сапалы және тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ конституциялық консультативтік орган қызметінің аса маңызды бағыттары бойынша сараптамалық жұмысты күшейтуге бағытталған.

Осыған байланысты, комитеттердің қызмет ерекшеліктерін ескере отырып және ғылыми-сарапшылық қоғамдастықты тарта отырып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді іске асыру төңірегінде пікір алмасу өтті.

Негізгі назар Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасына аударылды. Халық Кеңесінің мүшелері бұл жұмысқа белсенді түрде араласып, этномәдени бірлестіктерді шоғырландыруға ықпал ету сияқты, бұл іске де өздерінің мазмұнды үлестерін қосу қажет деген ортақ пікірге келді.

Отырыста өңірлермен өзара іс-қимылды кеңейту, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерді қолдау тетіктері де талқыланды.

Өңірлердегі азаматтардың ұсыныстарымен жұмыс істеу мәселесіне де айрықша мән берілді. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин атап өткендей, бастамалар легінің артуы күтілетіндіктен, оларды жүйелі жинау, өңдеу және мониторингілеу үшін бірыңғай ақпараттық платформа әзірлеу ұсынылады. Бұл жүйе әрбір өтініштің қаралу барысын және ол бойынша қабылданған шешімдерді қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған ақпараттық жүйе Мемлекет басшысы белгілеген негізгі идеологиялық бағдарларды іске асырудың пәрменді құралдарының біріне айналады.

Бұдан бөлек, азаматтардың мемлекетті басқаруға тікелей қатысуының жаңа құралдарын құру туралы сөз болды. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде елде көптеген қоғамдық және консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысы жиі шашыраңқы болып келеді, ал функциялары бір-бірімен қайталанады. Сондықтан бұл жерде Халық Кеңесі өз рөлін атқаруы тиіс: осы әлеуетті біріктіріп, өзара іс-қимылды жолға қою және жұмысты жүйелеу керек. Мұндай тәсіл жаңа Конституцияға сәйкес заманауи сын-қатерлерге мемлекет пен азаматтардың бірлескен жауаптарын әзірлеудің тиімді алаңына айнала отырып, диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Органның жұмыс тәртібі заңнамамен және ішкі Ережемен регламенттелген, ал оның құрамы Халық Кеңесі мүшелерінің арасынан жасақталады.

Айта кетейік, Төралқа құрамына Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығымен және тұрақты комитеттердің төрағаларымен қатар Бекмұрат Жүсіпов, Наринэ Микаелян, Денис Рыпаков және Нұртай Сабильянов кірді.