Бүгін қарттар күні орай Астана төрінде «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі өтті. Фестивальдің салтанатты ашылу рәсіміне «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, «Әділет» партиясы қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаев пен елордада тұратын қариялар қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділет» партиясы ұйымдастырған фестиваль аясында «Ұлттық ойындар», «Шебер қолдар», «Цифрлық ата, цифрлық әже», «Бауырсақ fest», «Бірге өнер», «Болашаққа бағдар», «Аға буынға арналған менталдық арифметика» секілді іс-шаралар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама қойылды.
Жиында сөз сөйлеген «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев қарттарға қамқорлық жасау тек мемлекеттің немесе әлеуметтік қызметкерлердің ғана емес, түгелдей жас буынның міндеті екенін атап өтті. Ол аға буынның қоғамдық өмірге араласуын қолдау, жалғыз тұратын қарияларға көңіл бөлу және ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңызына кеңінен тоқталды.
«Қарттардың қоғамдық жұмысқа, тәлімгерлікке және еріктілер қозғалысына қатысуына баса мән беретін боламыз. Сондай-ақ цифрлық сауатты арттыру, интернет алаяқтардан қорғау, мемлекеттік және әлеуметтік сервистерді пайдалануға көмектесу де біздің баса назарымызда болады. Жасы ұлғайған адамға кейде материалдық көмек емес, жылы сөз бен жылы қабақ қажет. Жағдайын сұрасақ, соның өзі үлкен демеу береді. «Көңіл көңілден су ішеді» деген сөз бар. Қал сұрайтын жан, әңгімелесетін адам керек. Қажет кезде есігін қағып, қолғабыс ететін көршінің болғанына не жетсін?! Әсіресе жалғыз тұратын қарияларымызды назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мұны тек мемлекеттің немесе әлеуметтік қызметкердің міндеті деп қарауға болмайды. Үлкенге қамқорлық ең алдымен отбасынан басталады. Бала үлкенді сыйлауды айтқан сөзімізден емес, істеп жатқан ісімізден көреді. Әке-шешенің ата-әжеге көрсеткен құрметін көрген бала сол тәрбиені бойына сіңіріп, соны айнытпай қайталайтыны сөзсіз. Немересіне ертегі айтып отыратын әже, өнеге үйреткен ата да тәрбиеші. Ұрпақтар арасындағы осы сабақтастықты жоғалтпауымыз керек», – дейді ол.
Оның айтуынша, осы фестивальдің де аты айтып тұрғандай «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» атауының мәні де осында.
«ХХІ ғасырда интернет пен телефонда, технологияда отырған жастарға аға буын өкілдерімен өмір, тарих, өмірдің тек жақсылықтан тұрмайтыны, қиындығы қатар жүретіні жайлы әңгімелесіп, кездесіп, пікір алмасу өте маңызды деп ойлаймыз. Сол себепті үлкенге – құрмет, кішіге – ізет. Мейірім, адалдық, жауапкершілік сияқты халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген құндылықтарын біз әрі қарай да дәріптей береміз. Технологиялар дәуіріне қадам бассақ та, адамды адам ететін осы қасиеттер өзгермейді. Қадірлі ақсақалдар, ардақты аналар, үлкеннің сөзін тыңдайтын ел ешқашан ұтылмайды. Сіздер аман болсаңыздар, кейінгі буынның ақыл сұрар, жөн сұрар адамы бар деген сөз. Әр шаңырақтың төрінде абыз ақсақалымыз, ақ жаулықты анамыз отырсын! Біздің қазынамыз болып төрімізде жүре беріңіздер!», – деді ол.
Ал «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов ардагерлер ұйымының қатарында 2,5 миллионнан астам адам бар екенін, олар елдің тұрақтылығы мен бірлігінің негізі болып отырғанын айтты.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халық даналығы. Ардагерлеріміз қоғамның дана кеңесшісі, рухани тірегі, сарқылмас қазынасы. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен ел дамуына қосқан ерен еңбектеріңіз кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Біздің бүгінгі басты міндетіміз – ата-бабамызға, әке-шешелерімізге қаны мен терін төгіп, келесі ұрпаққа кең байтақ жер қалдырғаны, бейбіт өмірді сақтағаны, Тәуелсіздікке жеткізгені үшін басымызды иіп, тағзым ету. Бүгінде аға буын өкілдеріне жан-жақты жағдай жасау, мемлекет саясатының ең басты басымдықтарының бірі болып отыр», – деді ол.
Әбілғазы Құсайынов өз сөзінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың ауқымы жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Оның нақты әрі салмақты дәлелі – елімізде зейнетақы төлемдеріне 4,8 трлн теңге қаржы бөлінуі. Бұл – республикалық бюджеттің 24 пайызын құрайды. Бұл – мемлекеттің әрбір аға буын өкілінің еңбегін бағалап, лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасап жатқанының дәлелі. Бүгінгі таңда біздің республикалық ардагерлер ұйымының қатарында 2,5 миллионнан астам ардагер бар. Бұл – орасан зор қоғамдық күш. Елдің тұрақтылығы мен бірлігінің берік негізі. Өткізіліп жатқан рухани-мәдени іс-шаралар мен қайырымдылық жобалары дәл осы мемлекеттік саясаттың шынайы көрінісі және «Әділет» партиясының аға буынға деген айрықша құрметі мен жанашырлығының жарқын дәлелі», – деді ол.
Салтанатты шараның өтетінін естіп, арнайы тамашалауға келген ақ жаулықты ана Ханым Сабырәлиева қазыналы қарттарға ақ тілегін арнады.
«Қарттар күніне арналған іс-шараға біз «Ардагерлер ансамблі» атынан келіп, өз үлесімізді қосып жатырмыз. Әрбір ардагер бақытты болсын деп, өзіміздің тілегімізді білдіріп, осы жерге әннен шашу шаша келдік. Бүгін өте керемет іс-шара болып жатыр. Әкімшіліктің арқасында қарттарға керемет көмек беріліп жатыр. Қарттардың дені сау болсын, өмірі ұзақ болсын, заманымыз тыныш болсын, Үкімет бізді осылай қолдап жүре берсін!», – деді ол.