Адам миының қалыптасуы туралы бұрыннан орныққан түсінік қайта қаралуы мүмкін. Nature Neuroscience журналында жарияланған жаңа зерттеу мидың бастапқы кезеңде бір ортақ жасушалар тобынан емес, екі бөлек жасушалық бағыттан дамитынын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Стэнфорд университетінің ғалымдары тышқан эмбриондары мен адамның плюрипотентті дің жасушаларын зерттеп, мидың алдыңғы және ортаңғы бөліктерін қалыптастыратын жасушалар мен артқы миға бастау беретін жасушалардың өте ерте кезеңде-ақ бір-бірінен ажырайтынын анықтаған.
Бұған дейін кең тараған теория бойынша мидың барлық бөліктері ортақ нейрондық бастама жасушаларынан түзіледі деп есептелген. Алайда жаңа зерттеуде ғалымдар екі жасушалық топтың даму мүмкіндігі бастапқы кезеңнің өзінде шектелетінін байқаған.
Зертханада ғалымдар адамның дің жасушаларынан екі түрлі бастапқы жүйке тінін өсірген. Бірі кейін алдыңғы және ортаңғы миға, екіншісі артқы миға айналатын жасушалардан тұрған. Кейін зерттеушілер олардың даму бағытын химиялық сигналдар арқылы өзгертуге тырысқанымен, жасушалар бастапқы «бағытын» сақтап қалған.
Ғалымдар мұны ДНҚ-ның жасуша ішінде орналасу ерекшеліктерімен байланыстырады. Мәселен, алдыңғы миға айналатын жасушаларда осы аймақтың дамуына қажетті гендер белсенді күйде болса, артқы миға тән гендер қолжетімсіз болған. Артқы ми жасушаларында керісінше жағдай байқалған.
Зерттеу тобы осы әдісті пайдаланып, зертханада артқы мидың қозғалтқыш нейрондарын да өсіре алды. Бұл жасушалар бет пен мойын бұлшықеттерін, соның ішінде жұтынуға қатысатын бұлшықеттерді басқарады. Зертханада алынған нейрондар электр импульстарын өткізіп, қалыпты жүйке жасушаларына тән белсенділік көрсеткен.
Зерттеу авторлары бұл тәсіл амиотрофиялық латералды склероз (ALS) және жұлын бұлшықет атрофиясысияқты ауыр нейродегенеративті ауруларды зерттеуге көмектесуі мүмкін деп есептейді. Бұл аурулар ми бағаны мен жұлындағы қозғалтқыш нейрондарды зақымдайды.
Ғалымдар сондай-ақ макака, тауық, данио балығы және теңізде тіршілік ететін кейбір омыртқасыз жануарлардың эмбриондарын зерттеген. Олардың барлығында жүйке жүйесінің алдыңғы және артқы бөліктеріне бастау беретін екі бөлек жасушалық топ анықталған. Зерттеушілердің болжамынша, мұндай механизм эволюция барысында шамамен 550 миллион жыл бойы сақталған болуы мүмкін.
Дегенмен зерттеу авторлары миды «екі бөлек орган» деп түсінуге болмайтынын ескертеді. Ми – біртұтас орган, тек оның әр бөлігінің эмбриондық бастауы әртүрлі болуы ықтимал.
Ғалымдар зертханада өсірілген жасушалар тірі эмбриондағы күрделі ортаны толық қайталамайтынын да атап өтеді. Сондықтан нәтижелерді нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.