Адамның қалай отырғаны оның көңіл күйі мен тәуекел етуге деген дайындығына әсер етуі мүмкін. Канададағы Макгилл университетінің зерттеушілері денені тік әрі кең ұстауға мәжбүрлейтін жұмыс орны қатысушыларды тәуекелге көбірек итермелегенін анықтады. Зерттеу British Journal of Psychology журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар бұған дейін көп талқыланған «power pose» – адамның өзін әдейі сенімді әрі үстем көрсететін қалыпта ұстау идеясын басқа тәсілмен тексерген. Бұл жолы қатысушыларға қалай отыру керегі айтылмаған. Оның орнына зерттеушілер үстел мен экранның орналасуын өзгертіп, дене қалпына байқатпай әсер еткен.
Негізгі экспериментке 198 адам қатысқан. Олардың бір тобында үстел жоғары көтеріліп, планшет көз деңгейінен сәл биік орналасқан. Соның әсерінен қатысушылар арқасын тіктеп, басын жоғары ұстап отырған. Екінші топта экран төмен қойылып, адамдар еңкейіп отыруға мәжбүр болған. Бұған қоса, 113 адам стандартты жұмыс орнында тапсырманы орындап, бақылау тобы ретінде пайдаланылған.
Қатысушылардың тәуекелге бейімділігі арнайы Balloon Analogue Risk Task арқылы өлшенді. Экрандағы виртуалды шарды әр үрлеген сайын адам ақша ұтады, бірақ шар жарылып кетсе, сол айналымдағы табысынан айырылады. Сондықтан қатысушы әр сәтте табысты сақтап қалу мен қосымша тәуекелге барудың бірін таңдауы тиіс.
Нәтижесінде денесін тік әрі еркін ұстаған топ шарды көбірек үрлеп, тәуекелге жиірек барған. Бұл әсер адамның өзінің қалпы өзгертіліп жатқанын түсінуіне немесе орындықтағы жайсыздыққа тәуелді болмаған. Зерттеу авторларының айтуынша, физикалық ортаның өзі адамның мінез-құлқына байқатпай ықпал етуі мүмкін.
Қалып көңіл күйге де әсер еткен. Видеожазба арқылы адамның мойын бұрышы өлшеніп, денесін тік ұстаған қатысушылар тәжірибеден кейін өздерін мақтаныш сезімі жоғарырақ деп бағалаған. Авторлар бұл нәтижені дене қалпы мен эмоция арасындағы байланыстың тағы бір белгісі деп түсіндіреді.
Бірақ зерттеу «арқаны тік ұстау адамды міндетті түрде батыл етеді» дегенді білдірмейді. Бұған дейін әдейі жасалған «күшті позалардың» тәуекелге баруды арттыратынын көрсеткен алғашқы зерттеулер кейін бірнеше рет қайталанбай қалған. Жаңа жұмыстың ерекшелігі – адамдар белгілі бір позаны саналы түрде қабылдамаған, оны қоршаған ортаның өзі қалыптастырған.
Зерттеудің шектеулері де бар. Қатысушылардың басым бөлігі жас әйелдер болған, сондықтан нәтижені ер адамдарға, егде жастағыларға немесе басқа мәдени ортадағы адамдарға тікелей қолдану қиын. Сонымен қатар еңкейіп отырғандардың бәрі бірдей қалып қабылдамаған: біреулер басын төмен түсірсе, енді бірі белінен еңкейген.
Авторлар зерттеу нәтижесі тұрмыстық және кеңсе жағдайында да қызық болуы мүмкін екенін атап өтеді. Мысалы, тұрып жұмыс істейтін үстелдер, экран биіктігі немесе эргономикалық кеңсе жабдықтары адамның тек жайлылығына емес, кейбір шешімдеріне де ықпал етуі ықтимал.