Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында ер адам әйелінің Instagram парақшасындағы суретке «лайк» басқан танысын пышақтап, ауыр жарақат келтірген. Сот оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, алайда жаза шартты түрде белгіленіп, пробациялық бақылау орнатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметнше, 10 мамыр күні сағат 02:00 шамасында сотталушы жәбірленушінің денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында, оның заңды жұбайына тиесілі «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшада жарияланған фотосуреттерге жәбірленушінің «ұнату» («лайк») белгісін қойғанына байланысты жанжал шығарған.
Осыдан кейін сотталушы оң қолымен қалтасынан алдын ала дайындап қойған қоңыр түсті, ағаш сабы бар жиналмалы пышақты алып, жәбірленушінің қуық тұсына екі рет және жауырын тұсына бір рет пышақ сұққан. Оқиға орнынан кейін бой тасалаған.
Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Атап айтқанда, ішкі ағзалардың зақымдануымен іштің алдыңғы қабырғасының кіндік тұсында іш қуысына еніп кеткен пышақ жарақаты анықталған.
Сот сотталушыны ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес, тағайындалған жаза шартты түрде деп есептеліп, сотталған адамға 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Оған бірқатар міндеттер жүктелді: пробация қызметін хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерін және жұмыс орнын өзгертпеу; алкогольдік ішімдіктер сатылатын қоғамдық орындарға (кафелерге, барларға, мейрамханаларға) бармау; пробация қызметін хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерінен басқа елді мекендерге шықпау; түнгі уақытта, яғни сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйінде болу; қасақана құқық бұзушылықтар жасамау.