Шымкентте жаңа қалалық емхананың құрылысы басталуына орай капсула салу рәсімі өтті. Жаңа медициналық мекеме ауысымына 500 адамды қабылдауға арналған. Мұнда ересектер мен балаларға диагностика, емдеу және оңалту қызметтері көрсетілетін болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаны өнеркәсіптік, азаматтық және әлеуметтік нысандарды салуға маманданған BI Engineering & Construction компаниясы жүзеге асырады.
Жаңа медициналық мекеменің жалпы ауданы – шамамен 10 мың шаршы метр. Емхана 1,7 гектар аумақта бой көтереді. ал жер учаскесінің көлемі – 1,7 гектар. Мұнда ересектерге арналған бөлім ауысымына 350 келушіге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 60 келушіге арналған әйелдер консультациясы, 90 келушіге шақталған балалар бөлімі және 20 орындық күндізгі стационар орналасады.
Емханада рентген-диагностика, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, маммография, эндоскопия және оңалту қызметтері де қарастырылған. Бұл тұрғындарға қажетті медициналық тексерулер мен бірқатар ем-домды бір жерде алуға мүмкіндік береді.
«Тұрғындар үшін медициналық мекемедегі орын саны ғана емес, оның ішінде қандай қызметтердің көрсетілетіні де маңызды. Жаңа емханада ересектер мен балаларды қабылдау, диагностикалық тексерулер, күндізгі стационар және оңалту қызметтері қарастырылған. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар негізгі медициналық көмекті алу үшін бірнеше медициналық мекемеге бармай, қажет қызметтердің барлығын бір жерден ала алатын заманауи медициналық орталық құру», – деді жоба жетекшісі Мақсат Көбегенов.
Аталған жаңа емхананың іске қосылуы Шымкент қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.