Шакира 18 қазанда Бішкекте концерт береді

Бүгін, 21:00 / Ербұлан Қайрат

Колумбиялық әнші Шакира 18 қазанда Бішкекте өнер көрсетеді. Концерт Bishkek Arena кешенінде өтіп, әншінің Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік турының бір бөлігі болады. Бұл – Шакираның Орталық Азиядағы алғашқы концерті, деп хабарлайды turkystan.kz Open KG-ға сілтеме жасап.

Концерт туралы ақпарат әншінің ресми гастрольдік кестесінде де жарияланған. Қырғызстан Президенті іс басқармасының басшысы Қаныбек Тұманбаевтың мәліметінше, шоу 18 қазанда өтеді. Бұған дейін Бішкекте концерт ұйымдастыру мәселесі талқыланып жатқаны айтылғанымен, нақты күні белгісіз болған. 

Билеттер 1 қазанда Бішкек уақытымен сағат 09:00-де GovTicket платформасында сатылымға шығады. Бағасы орын санатына қарай 12 мыңнан 40 мың сомға дейін болады. Фан-аймаққа билет 40 мың сом, би алаңына — 27 мың сом, ал көрінісі шектеулі орындарға ең арзан билет 12 мың сом тұрады. Кейінірек VIP санатындағы билеттер де сатылымға шығарылмақ. 

Бішкектегі концертте Шакираның танымал хиттерімен қатар Las Mujeres Ya No Lloran альбомындағы әндер де орындалады деп жоспарланған. Әлемдік тур аясындағы шоу ауқымды сахналық қойылымдармен, хореография және арнайы эффектілермен өтеді.

Шакира – әлемдегі ең танымал латынамерикалық орындаушылардың бірі. Оның Hips Don’t Lie, Whenever, Wherever, Waka Waka секілді әндері халықаралық хитке айналған. Бішкектегі концерт әншінің Орталық Азиядағы тыңдармандарымен алғаш рет жүздесуі болмақ.