Бакуде «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды

Бүгін, 21:02 / Жамбыл Жайлау

Бакудегі Әзербайжан ұлттық тарих музейінде Түркістанның тарихи-мәдени мұрасы мен Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасына арналған «Аспан түстес сырдың құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды. Көрмені Қазақстанның «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы әзірледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде кеңінен таныту жөніндегі тапсырмалары аясында ұйымдастырылды. Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен ашылды.

Көрмеге XII ғасырдан жеткен түпнұсқа терракота тақташалары, XIV ғасырдағы жылтыраған қаптама үлгілері, майолика мен мозаика үлгілері қойылды. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі куфи жазулары мен араб каллиграфиясы бейнеленген фотоматериалдар ұсынылды. Кесененің сәулеті мен ондағы көне жазуларға да айрықша мән берілген.

Көрменің негізгі бөлігін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің екі макеті құрайды. Оның бірі кешеннің ішкі құрылымы мен негізгі бөлмелерінің орналасуын көрсетсе, екіншісі кесененің тұтас сәулеттік келбетін бейнелейді.

Арнайы бөлім Қожа Ахмет Ясауидің рухани және зияткерлік мұрасына арналған. Мұнда қолжазбалар мен тарихи деректер, шежірелік «Насабнама», сондай-ақ Ясауи ілімінің түркі халықтарының рухани дәстүріне маңызын танытатын ізбасарларының еңбектері қойылған.

Іс-шара аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Әзербайжан ұлттық тарих музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат мәдени мұраны сақтау, зерттеу, мамандар алмасу, ортақ ғылыми және мәдени жобаларды қолға алу бағытындағы әріптестікті қамтиды.

Халықаралық көрме Қазақстан мен Әзербайжан музейлері арасындағы байланысты кеңейтіп, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын әлемге кеңінен танытуға бағытталды.