Anthropic ЖИ компаниясы бір жылда $42 млрд шығынға ұшырады

Бүгін, 20:46 / Ербұлан Қайрат

Claude жасанды интеллект жүйесін әзірлеуші Anthropic компаниясының 2025 жылғы таза шығыны 42 млрд долларға жетті. Бұл туралы компанияның биржаға шығу алдында дайындаған IPO проспектісіне сүйенген Reuters жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сонымен қатар компанияның кірісі бір жыл ішінде шамамен 12 есе өсіп, 4,6 млрд долларды құраған. Ал операциялық шығын 2024 жылғы 2,98 млрд доллардан 8,06 млрд долларға дейін ұлғайған.

42 млрд долларлық таза шығынның негізгі бөлігі күнделікті операциялық шығындарға жатпайды. Оның шамамен 34 млрд доллары кейін акцияларға айналуы мүмкін қаржы құралдарын қайта бағалауға байланысты бухгалтерлік шығын ретінде есепке алынған.

Жасанды интеллект модельдерін оқыту мен іске қосуға кететін шығын да күрт артқан. 2025 жылы Anthropic есептеу қуаты мен инфрақұрылымға 7,33 млрд доллар жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен үш есе көп.

Бұдан бөлек, компания алдағы жылдарға арналған бұлтты сервистер, дата-орталықтар және есептеу инфрақұрылымы бойынша жүздеген миллиард долларлық міндеттемелер қабылдаған. Anthropic Amazon және Google секілді технологиялық алпауыттардың инфрақұрылымына едәуір тәуелді.

Құжатта компания табысының шоғырлану тәуекелі де көрсетілген. 2025 жылғы кірістің шамамен 24%-ы небәрі екі клиентке тиесілі болған. Олардың аты жарияланбады. Сонымен бірге ірі клиенттердің бір бөлігі Anthropic-пен ұзақмерзімді келісімшарт жасамаған.

Anthropic қор нарығына шыққан кезде компанияны 2 трлн доллардан жоғары бағалауды көздеп отыр. IPO АҚШ-тағы 2026 жылғы аралық сайлаудан кейін өтуі мүмкін. Егер жоспар жүзеге асса, бұл технология секторындағы ең ірі биржалық дебюттердің біріне айналуы ықтимал.

Anthropic 2021 жылы OpenAI-дың бұрынғы қызметкерлері тарапынан құрылған. Компанияның ең танымал өнімі Claude жасанды интеллект жүйесі.

Тэгтер:

шығын ЖИ